Катонқарағай ауданында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық фестиваль өтті. Түркі әлемі бас қосқан алқалы жиында республикалық жыр мүшәйрасы, халықаралық ақындар айтысы, сондай-ақ ұлттық ойындар додасы мен этно-музыкалық кеш ұйымдастырылды. Дүбірлі тойға әріптесім Қымбат Иманғалиева барып қайтты.
Алтайдың қойнауын дүбірге бөлеген ұлы жиын — бүгінгі қазақ руханиятына олжа салған, ертеңгі ұрпаққа өнеге болып қалатын тағылымды күн болды. Фестиваль өтетін аумақта облыс аудандары 20 киіз үйден көрме аймағын, 17 киіз үйден тамақтану және демалыс аймағын сондай-ақ, 21 шатыр кэмпингтен тұратын арнайы қонақжай кеңістікті ұйымдастрыды. Аумаққа жарық пен су тартылып, барлық инфрақұрылым талапқа сай қамтамасыз етілген. Ауқымды шараның алғашқы күні қазақтың қос классик жазушысы Қалихан Ысқақтың 90, ал Дидахмет Әшімханұлының 75 жылдық мерейтойына арналды.
Әлібек Қаңтарбаев, ҚР жазушылар одағы ШҚОФ төрағасы:
Конференцияның мақсаты – қазіргі проза жанырын оқушылардың саны аз. Прозаға деген қызығушылықты арттыру. Шығармаларын насихаттау. Абай әлемі атты қос жазушының кітабын шығарып әкелдік.
Келелі басқосуға елдің түкпір-түкпірінен келген ақын-жазушылар, әдебиет пен тіл ғылымының белді өкілдері, абыз ақсақалдар мен жоғары лауазымды меймандар жиналып, фестивальдің ұлттық бірлік пен рухани жаңғыруға қосар үлесін жоғары бағалады. Қадірлі қонақтар Катонқарағай өңірінің тек табиғат әсемдігімен ғана емес, рухани туризмнің өзегіне айналуы керектігін атап өтті.
Серікзат Дүйсенғазин, ақын:
Катонқарағай бұл қазақ даласының інжу-маржаны. Алтайдың Қазақстан тарапынан қарайтын көркем жері. Бүкіл әлемге ұялмай көрсететін, мақтанатын жер. Швейцарияның кейбір жері теңдесе алмай қалады.
Мақсат Толықбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұл нағыз туризмнің орталығы. Жақында Мәжілісте заң қаралып жатыр- шекаралық аймақтарды дамыту. Мемлекет ол шекарадан басталады. Біз ешкімді ауылды күштеп ұстап отыра алмаймыз. Сол үшін оларға жағдай жасау керек. Бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Шығыстан шыққан біраз депутат ұсыныс нормалар дайындап жатырмыз.
Сонымен қатар халықаралық ақындар айтысы және «Төр Алтай» Қалиханы мен Дидахметін жырлайды атты поэзия фестивалі көпшіліктің құлағының құрышын қандырды. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен, «Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық музыка фестивалі аясында ұйымдастырылған рухани кеш - жыр мен әуеннің мәңгілік тоғысы іспетті. Бұл кеште Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, Абай облысының әкімі Берік Уәли, Мәжіліс депутаттары мен қоғам қайраткерлері бой көрсетті.
Дүбірлі тойдың екінші күні оннан аса мемлекеттен келген өнерпаздар мен еліміздің эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Фестиваль түркі халықтарының бауырластығын, ортақ мәдениетін насихаттауға бағытталған. Музыкалық кеште сақ мәдениетінен сыр шертетін қойылым сахналанды. Алты жасар сахалық әнші Архан Уйгу үш тілде ән шырқап, ерекше ықыласқа бөленді. Жас өнерпазға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов домбыра сыйға тартты.
Жалпы бұл мәдени-әдеби әрі спорттық шара былтыр Астанада өткен «Көшпенділер» ойынының жалғасы іспеттес. Сондықтан фестиваль барысында ұлттық ат спорты ойындары да өтті.
Қымбат Иманғалиева