Білімі мен дарыны қатар шапқан 38 шығысқазақстандық оқушы Алматы қаласына аттанды. Олар республикалық IQanat олимпиадасында өңір намысын қорғайды. Жас зияткерлерге ақ жол тілеп, шығарып салуға ата-аналары мен достары жиналды.

IQanat олимпиадасының 7-ші финалы биыл Алматы қаласында өтеді. Білім бәйгесінде әр өңірдің ең алғыр 8-сынып оқушылары өзара бақ сынасады. Финалдық кезеңде оза шапқан жоба қатысушылары Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионатында тегін оқу мүмкіндігіне ие болады. Оқушылар алдағы үш жылда арнайы қолдау бағдарламасы аясында ҰБТ, халықаралық емтихандарға дайындық, ағылшын тілін, ІТ дағдыларын, soft skills және кәсіпкерлік негіздерін меңгереді.

Алиса Мирзянова, тәлімгер:

Мен олимпада қатысушыларының тәлімгерімін. Бүгін оқушылармен республикалық олимпиадаға аттанып бара жатырмыз. Биыл біздің өңірден 38 оқушы финалдық кезеңге жолдама алды. Олимпиадаға тек сегізінші сынып оқушылары қатыса алады, сондықтан сапарға 8-сыныпты енді тәмамадаған жас зияткерлермен бірге аттандық.

Республикалық олимпиада маусымның 13–20-ы аралығында өтеді. Дарынды балалар іріктеуден-ақ білімі мен біліктілігін көрсетіп, бірнеше кезеңді артқа қалдырды. Оқушылар үшін бұл – үлкен жауапкершілік әрі мақтаныш. Облыс намысын абыроймен қорғауға дайынбыз дейді, жас зияткерлер.

Нұрдана Бірлесбекұлы, «IQanat» республикалық олимпиадасының қатысушысы:

Біздің мектептен 3 бала болып екінші турға бардық. Бірақ соның арасынан мен өзім жалғыз үшінші турға өттім. Және ары қарай да ата-анаманың үмітін ақтап, өтемін деген ойдамын. Мен бұл хабарды сабақ үстінде естігем, бұл хабар үлкен жетістік пен үлкен армандарға жол деп ойладым. Және де өте қуанышты сезіммен ең бірінші мұғалім мен ата-анама жеткіздім.

Күнсұлу Жүнісова, «IQanat» республикалық олимпиадасының қатысушысы:

Біз – олимпиада финалистеріміз, сол себепті бәріміз IQANAT сыйлайтын мүмкіндіктерге ие боламыз. Әрине, грант жеңіп, тегін білім алсақ деген үміт бар. Жеңем бе, әлде жеңіліс табам ба - ең бастысы, осы сәттен ләззат алып, финалдық кезеңге жолдама алғаныма қуанышуым қажет. Дегенмен, тегін білім алу мүмкіндігіне ие болсам нұр үстіне нұр болар еді.

Олипиада қатысушыларын шығарып салуға келген ата-аналар балаларына сәттілік тілеп, олардың жеңіспен оралуына сенім білдірді. Зияткерлер үшін білім бәйгесінің ақтық кезеңі – асқақ арманға бастаған алғашқы қадам.


ДИДАР ЕРБОЛАТҚЫЗЫ