Мемлекет басшысы туризмді экономикалық өсудің негізгі бағыттарының біріне айналдыру міндетін қойып отыр. Бұл салада Шығыс Қазақстанға артылар міндет көп. Әсіресе, аймақтың інжу-маржаны – Катонқарағайдың әлеуеті толық пайдаланылады. Өткен жылы ауданның туризмі мен инфрақұрылымын дамытуға тартқан инвестиция көлемі 6,5 млрд теңгені құрады. Қарқынды жұмыс биыл да жалғасады. Іргелі жобалардың қатарын толықтыруға «Ауыл аманаты» бағдарламасы да ықпал етті.
Соңғы жылдары елімізде ішкі туризмге деген қызығушылық арта түсті. Соның ішінде көбінде Катонқарағай сияқты таулы, табиғаты әсем өлкелерге баруға ниетті жандардың саны көбейді. Мұндай үрдіс экологиялық және таулы туризмді дамытуға зор септігін тигізетіні даусыз. 2024 жылы ауданға 150 мыңнан аса турист келіп кеткен. Биыл одан да саны арты түседі. Катонқарағай ауданы өзінің табиғи және мәдени әлеуетінің ерекшелігімен Қазақстандағы туризмнің әлеуетті орталықтарының біріне айналғалы қашан. Қазір осы салаға серпін беріп отырған «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бағдарлама аясында ауылдық кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 2025 жылы туризм саласында 112,9 млн теңге сомасына 8 жоба мақұлданыпты.
Жандос Тулебаев, катонқарағай ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
«Ауыл аманаты» бағдарламасы 2023 жылы басталды бізде. Катонқарағай ауданы бойынша Ауыл аманатына қатысушылардың саны артып келеді жыл сайын. 2023те 15 проект болды. 2024те ақшаның кешігуіне байланысты 9 проекті ғана өтті. Ал, 2025 жылы 16 проект мақұлданған болатын. Жалпы осы жылға 32 проект өтінім беріп отыр. Осы проекттердің ішінде көбі туризм бағытында және ауылшаруашылық өңдеу саласы мен ауылшаруашылық техника алуға қатысты өтінімдер түсіп жатыр.
Бұдан бөлек, қосымша туристік жобалар әзірленіп, тиісті комиссиялардың қарауында жатыр. Туризм тек экономиканың маңызды секторы ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал ететін маңызды әлеуметтік сала. Аудан туризмін өркендетіп отырған қазіргі бар 108 нысан демалушыларға лық толы. Алтайдың әсем ауылдарының бірі Берел. Осы ауылдың тұрғыны Бейімбет Көксегенов биыл жаңа жоба бастаған. «Ауыл аманаты» бағдарламасын пайдаланып 2,5 пайыздық жеңілдікпен несие алып туристік бағытта үйлер салды. Жас кәсіпкер қазіргі туризмдегі трендтерден де қалыс емес. Бұл ісін бір жыл бұрын бастаған. Қазір бір күнде 20 шақты адамға қызмет көрсете алады.
Бейімбет Көксегенов, «berel-rais» демалыс орынының иесі:
Бізде үлкен үйіміз бар ол жерде 18 адамға дейін қабылдай аламыз. Одан кейін жеке тұрған отбасылық үй бар. Ол жерде 4 адамға дейін қабылдауға болады, адам санына байланысты. Бізде асхана бар, монша бар жеке жеке санузелдар. Онымен қоса садақ ату, атқа мінгізуді ұйымдастырамыз. Және енді қыш бұйымдарын жасау ісін ұйымдастырамыз.
Кәсіпкердің айтуынша, Берел экотуризмдегі ең тартымды аймақ. Сондықтан, туып-өскен жерінің бар әлеуетін толық пайдаланбақ. Жергілікті әкімдік арқасында бағдарлама жайлы толық ақпарат алып, қажетті құжаттарды жинаған. Нәтижесінде 29 млн теңгеден аса қаражатты қолға алып, демалыс базасына құйды. Жайлы үй, ыңғайлы демалыс аймағы туристер санын күннен күнге арттырып келеді. Қазірдің өзінде шетелдік туристердің де сұранысы жоғары екенін айтады. Салынып жатқан әуежай қолданысқа берілсе, оданда арта бермек.
Данияр Қайратұлы