Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс XXI сессиясы өтті. Онда 2025-2027 жылдарға арналған өңірлік бюджетке енгізілген өзгерістер таныстырылды. Өзгеріс енгізуге республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттердің азаюы және жергілікті деңгейдегі шығыстарды оңтайландыру қажеттілігі негіз болды.
Жиында сөз алған облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Жұманова бірқатар салаларда белгілі себептерге байланысты жоспарлы қаржы мөлшері азайтылғандығын жеткізді. Мәселен, білім, денсаулық, дене шынықтыру және спорт басқармаларының бюджеті қысқартылды. Мәдениет, ішкі саясат, дін және археология салаларының да шығындары азайтылды.
Динара Жұманова, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының м.а. :
Жоспарлы кірістердің азаюы республикалық бюджеттен бөлінетін субвенциялардың қысқаруымен байланысты болды. Мұндай өзгерістерке биыл 8 мамырда қабылданған №314 Үкімет қаулысы негіз болды. Жалпы сомассы 33,7 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде мақсатты трансферттер бойынша 6,7 миллиард теңгеге қысқарту болды. Қысқартуға ұшыраған ірі жобалар қатарында Риддер қаласындағы көпбейінді аурухана құрылысы бар. Бұл жоба арнайы қор есебінен аяқталуы мүмкін. Ал аудан әкімдерін сайлау ұйымдастыруға арналған қаражаттың едәуір бөлігі де үнемделді. Яғни, ол 77,3 миллион теңге.
Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы, құрылыс, ветеринария салаларында да шығындар азайтылды. Ал Күршім ауданында дене шынықтыру және сауықтыру кешені құрлысына республикалық және облыстық бюджеттен қаржы қарастырылған. Шешім бойынша облыстық бюджет ақшасы кері қайтарылды. Осындай өзгерістерге қарамастан, өңірде негізгі жобаларды іске асыру жұмысы өз деңгейінде жалғаса береді.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Осылай бірлесе жұмыс істей отырып, Мемлекет басшысының, Үкіметтің алдымызға қойған міндеттерін орындап, халықтың әл-аухатын көтеру жолында бірлесе жұмыс істей берейік.
Сессияда депутаттар ұсынылған өзгерістерге бірауыздан қолдау білдіріп, шешім қабылдады.