Денсаулық сақтау саласында ем алушыларға қолайлы орта мен жайлы жағдай жасау маңызды. Осы мақсатта өңірде ауруханаларды жаңғыртуға бағытталған түрлі жобалар жүзеге асып келеді. Облыстық мамандандырылған медициналық орталықта гинекология бөлімі күрделі жөндеуден өтіп, толық жаңартылды. Ауқымды жобаны жүзеге асыруға «Казцинк» кәсіпорыны қолдау көрсетті.

Гинекология бөлімін қайта құру жұмыстары биыл қаңтарда басталған. Инженерлік желілер түгел ауыстырылып, жаңа терезелер мен есіктер орнатылған. Заманауи ота жасау және ультрадыбыстық зерттеу бөлмелері жабдықталып, емделушілерге жайлы жағдай қарастырылған. «Казцинк» кәсіпорынының бұл бастамасы - аймақ медицинасын қолдауға арналған кешенді жобаның бір бөлігі.

Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры:

Жөндеу жұмыстары толық аяқталып, гинекология бөлімі емделушілер игіліне берілді. Бұл жобаға 180 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалды. Жаңартылған бөлім аймақ бойынша жайлылық деңгейі жағынан алдыңғы қатарда болады деген үміттеміз. Себебі мұнда заманауи ота жасау, тексеру бөлмелері қайта жабдықталды. Бұған дейін аталған бөлімде қызмет көрсету сәл қолайсыздық тудырғаны рас. Мәселенің бәрі ескеріліп, шешімі табылды.

Бүгінде гинекология бөлімі стандартқа сай қайта жасақталған. Науқастарға арналған әр бөлмеде жеке санитарлық торап пен жуынатын орын бар. Бұдан бөлек, жатын орынның маңында арнайы батырма орнатылған.

Фариза Ағыбаева, ШҚО ММО гинекология бөлімінің дәрігері:

Шұғыл жағдай болып қалғанда науқастар егер дәрігер керек болса дәрігерді шақыру батырмасын басады, ал егер медбике керек болса медбике керек батырмасын басады. Ол құрылғыларды басқаннан кейін бізге арнайы экранда көрінетін болады. Арнайы эфрандар медбикелер отыратын постта орналасқан және дәрігерлер бөлмесінде орналасқан. 

Әлия Қадырбаева, ШҚО ММО гинекология бөлімінің меңгерушісі:

«Казцинкке» компаниясына өз алғысымызды білдіреміз. Науқастар үшін тек шұғыл медициналық көмек қана емес, стационардағы жағдайдың жайлылығы да маңызды. Жөндеу жұмыстары барлық талаптарға сай жүргізілді: құрылғылардан бастап, желдету жүйесіне дейін заманауи стандарттар ескерілді. Барлығы жоғары деңгейде.

Кешенді жобалар өңірдегі денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Бастысы тұрғындар сапалы қызметпен қатар, қолайлы жағдайға қол жеткізуде. «Казцинк» ЖШС алдағы уақытта да медицина саласына жан-жақты қолдау көрсетуге ниетті екенін білдірді.


ДИДАР ЕРБОЛАТҚЫЗЫ