«Прокуратурамен қайтарылған активтер – халық игілігіне». Осы ұранмен республика бойынша 333 әлеуметтік жоба іске асырылып жатыр. Яғни, заңсыз шетел асқан қаржы елге қайта қайтарылып, тұрғындар үшін қажет іске жұмсалуда. Нақты айтқанда сол қаражатқа әлеуметтік жобалар жер-жерде басталып кеткен. Соның ішінде Шығыс Қазақстанда 7 жоба қолға алынған.
Жеті жобаның ішінде екеуі Шемонаиха ауданында жүріп жатыр. Облыстағы әлеуетті аудан үшін бұл пайдалы жобаның қатарын толықтырады. Екі жобаның бірі Волчанка ауылында, ал екіншісі Большая речка елді мекенінде іске асып жатыр. Жалпы Волчанка ауылдық округінде 1390 адам тұрады. Округке бес ауыл кіреді: Березовка, Кандыковка, Крюковка, Большая речка және Волчанка. Әлеуеті жақсы Волчанка ауылында қайтарылған активтер есебінен медициналық ғимарат салынып жатыр. Округтің әкімшілік орталығы болған мұнда қазір 828 адам тұрады. Ал, ыңғайлы инфрақұрылымның арқасында жергілікті билік халық санады артады деген үмітте. Аудандағы екі жоба да прокуратура қызметкерлерінің қатаң бақылауында.
Нұржан Қуатбеков, Шемонаиха ауданының прокуроры:
Шемонаиха ауданы бойынша 2 нысан жүзеге асырылуда. Нақты айтқанда Волчанка ауылдық округі Волчанка ауылында дәрігерлік амбулатория 417 млн теңгеге салынып жатыр. Және Большая речька ауылында су құбыры желілерін тарту 580 млн теңгеге жүргізіліп жатыр. Екі құрылыс та осы жылдың соңына дейін аяқталады. Бұл деген сөз мемлекетке қайтарылып жатқан қаражат халық игілігіне жұмсалып, осы елді мекендердің тұрғындарының денсаулығын нығайту, ыңғайлы жағдай жасауда конституциялық құқығының қорғалуының айғағы болып табылады.
Ауыл адамдары негізінен егін шаруашылығымен, омартамен айналысады. Аймақтың агросаласына сүбелі үлес қосып отырған жергілікті халық сапалы медициналық қызмет алу керек. Дәрігерлік нысанның тапсырыс берушісі облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Мердігер «Construction Group «Samruk» ЖШС. Өткен жылдың қыркүйек айында басталған жоба биыл желтоқсанға дейін аяқталады. Жұмыстың нәтижесін тұрғындар көруге асық.
Татьяна Медведева, Волчанка ауылының тұрғыны:
Ауылымыз күннен күнге дамып келе жатқанын байқаймыз. Жаңа нысандар саны артып келеді. Балалар ойын алаңы болсын, жарық бағандары орнатылуы, жаңа тасжолдар салынып жатқаны болсын қуантады. Енді, жаңа медициналық мекеме ашылуға таяу. Әрине, тұрғындар үшін денсаулық сақтау саласы ең бірінші орында. Бұған дейін осындай ғимарат болмаған. Енді жаңа, жайлы дәрігерлік амбулаторияда ем алатынымызға ризамын. Әлеуметтік нысандардың жаңартылуы жақсы үрдіс.
Большая речкадағы жұмыс та кестеден кешікпей қарқынды жүріп жатыр. Жобаны аудан прокуратурасы мен әкімдік үздіксіз назарда ұстап отыр. Сапалы, таза сумен қамту – ауданның алға қойған басты міндеттерінің бірі. Осы ауылда қырық жылдан астам тұрып жатқан Людмила Слонова бұған дейін ауладағы құдықты пайдаланып келдік, дейді. Енді, тұрмыс одан әрі жеңілдеді.
Людмила Слонова, Большая речка ауылының тұрғыны:
Әрине, ауылымызға су тарту жұмысын көргенде қатты қуандық. Жалпы, бұл жердің суы жақсы, таза. Енді ауламызға дейін жақындатып, тартып беріп жатыр. Жұмыс соңына дейін осылай жақсы аяқталады деген сенімдемін. Ең біріншіден бұл – қолайлылық. Барлық жұмыскерлерге, су тартып жатқан мекемеге алғысымды айтамын.
Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі тапсырыс берген жобаның мердігері «Sem ARTA Stroy» ЖШС. Мамыр айында басталған құрылыс осы жылдың қарашасында аяқталуы тиіс.
Сұңғат Аманбеков, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары:
Бүгінгі күні Большая речка ауылында су құбырларын тарту жұмыстары атқарылуда. 16 шақырымнан 9 шақырымы салынды. Бұл обьектте 30 адам және 6 техника жұмыс жасап жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару ісі басталған күннен мықтап қолға алынды. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар өз жемісін беріп, заңсыз активтерді елге қайтару жұмысы жандана түскен. Себебі, бұл шара Әділетті Қазақстан қалыптастыру жолындағы іргелі істердің бірі.
Данияр Қайратұлы