Өңірде соңғы бес айдың ішінде бас пен мойын ісігіне 73 адам, қуықасты безі обырына 55 адам шалдыққан. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23%-ға көп. Соңғы кезде бұл дерттің жасы да жасарған. Облыстағы онкологтар аты жаман аурудың алдын алу мақсатында 21 маусым күні ашық есік күнін өткізбек.

Ашық есікте кез келген азамат жеке куәлігімен онкология орталығына келіп, мамандардан кеңес ала алады. Жолдама мен алдын ала жазылу талап етілмейді. Бас пен мойын қатерлі ісігі онкологиялық аурулардың ішінде әлем бойынша таралуы жағынан алтыншы орында тұр. Жыл сайын бұл дертке бір миллионнан астам адам шалдығып, 700 мыңнан астам науқас көз жұмады. Қазақстанда жылына орта есеппен 1 700-ге жуық жаңа жағдай тіркеледі. Аурудың жиі анықталатын жасы – 55 пен 67 жас аралығы. Көбіне ісік ауыз қуысы, мұрын және оның қуыстары, жұтқыншақ, көмей, қалқанша безі, сілекей бездері мен теріасты тіндерінде пайда болады. Бұл топқа ми мен жұлын кірмейді. Аурудың алғашқы белгілері: дауыс қарлығып кетуі, ауыз қуысындағы жазылмайтын жаралар, мойын аймағындағы түйіндер мен теріде пайда болған жаралар. Мамандар мұндай жағдайларда уақыт жоғалтпай, дәрігерге қаралу қажет екендігін айтады.

Шолпан Нұрғалиева, облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығы директорының орынбасары:

Арнайы емге келетін болсақ,ол ең бірінші хирургиялық ем,радикалды ем егер бірінші ауырудың алғашқы сатысында анықталатын болса,онда хирургиядан басқа ары қарай не лучевой,не химия тағайындап қажет етпейді өйткені бірінші стадияда яғни ол статисткаға келетін болсақ,95% да науқастарда жақсы емделу болып табылады.

Ісіктің 90%-ы темекі тарту мен ішімдік тұтынудан пайда болады. Қалған 10%-ы – тұқымқуалаушылық, еңбек жағдайлары, ауаның ластануы, зиянды химиялық заттардың әсері мен вирустық инфекциялар, соның ішінде адам папиллома вирусынан туындайды, - дейді ақ халаттылар. Ауру асқынып, үшінші-төртінші сатысына кетіп қалса, орталықта заманауи емдеу әдістері: сәулелік және химиялық терапия, сондай-ақ иммунотерапия мен таргеттік препараттар қолданылады.

Жандос Мағзұмов, Облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының бөлім меңгерушісі:

Қалқанша безге эндоскопиялық түрде операция жасауды енгіздік және күнделікті күнде қолданып жатырмыз. Ол дегеніміз бұрын операцияны классикалық түрде мойын арқылы өткізсек, қазіргі таңда біз оны қолтық астынан, болмаса омырау астынан үш тесік жасап жатырмыз.

Аймақтағы әрбір емханада қарау кабинеті жұмыс істейді. Тұрғындар жылына бір рет болсын тексерістен өтіп тұруы қажет. «Қазақстан халқына» қоры арқылы онкологияға шалдыққан азаматтар дәрі-дәрмекпен толық қамтылған. Қазіргі уақытта емханалық және стационарлық емдеуде қажетті препараттар жеткілікті, дейді мамандар.


Қымбат Иманғалиева