Облыс орталығына Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің уақытша сенімді өкілі Дебора Робинсон келді. Сапар аясында өңірдегі бірнеше нысандарды аралап, америкалық компаниялармен ынтымақтастықтың әлеуетін атап өтті. Бұдан бөлек, А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханадағы Америкалық бұрышқа арнайы барып, жұмыс барысымен танысты.
АҚШ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық жыл санап артып келеді. Бұл байланыс экономикалық, білім беру және мәдени салаларды қамтып, екі ел арасындағы серіктестікті нығайтуға мүмкіндік береді.
Дебора Робинсон, Қазақстандағы АҚШ елшілігінің уақытша сенімді өкілі:
Бұл - менің Шығыс Қазақстан облысына алғаш келуім, және осында болғаныма өте қуаныштымын. Бұл аймақ өте әдемі екен. Менің келуімнің басты себептерінің бірі – Қазақстанның тек ірі қалаларымен немесе астанасымен ғана емес, барлық өңірлерімен АҚШ-тың байланысы бар екенін көрсету. Мұнда экономикалық және басқа да салаларда АҚШ-пен тығыз байланыс бар. Сондықтан бұл сапар маған Шығыс Қазақстан облысын өз көзіммен көріп, екіжақты ынтымақтастықты арттыруға жақсы мүмкіндік болып отыр.
Арнайы жұмыс бабымен келген Қазақстандағы АҚШ елшілігінің уақытша сенімді өкілі А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханадағы Америкалық бұрышқа барды. Бұл орталық - ағылшын тілін үйреніп, халықаралық білім беру бағдарламаларына қатысқысы келетін жастар үшін таптырмас мүмкіндік.
Дебора Робинсон, Қазақстандағы АҚШ елшілігінің уақытша сенімді өкілі:
Біз қазір Пушкин атындағы облыстық кітапханадағы Америкалық бұрышта тұрмыз. Бұл орталықпен серіктестігіміз мығым және студенттер тегін ағылшын тілін үйнере алады. Сондай-ақ мұнда біз STEAM бағдарламаларын жүзеге асырамыз. Мектеп оқушыларына арналған FLEX бағдарламасы да бар. АҚШ-тан келетін Фулбрайт стипендиаттары бар. Бұл бағдарламаларға Шығыс Қазақстан облысынан көп адам қатысқан және әлі де қатысып келе жатыр.
Америкалық бұрыш 2003 жылдан бері аймақ жастары үшін жұмыс істейді.
Назымгүл Тілеубекова, А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхананың директоры:
Американдық бұрыштар Қазақстанда жалпы 10 бұрыш бар екен. Соның ішіндегі Өскемендегі біздің кітапханамызда ашылған болатын. 22 жыл бұрын ең алғашқы болып біздің кітапханада ашылған болатын.
Бұл орталық тек тіл үйрену орны ғана емес, заманауи білім беру платформасы саналады. Арнайы өткізілетін шеберлік сағаттары мен семинарлар арқылы жастар заманауи ғылым мен технология саласындағы білімін тереңдете алады.
Тимур Шайдуллин, Америка бұрышының үйлестірушісі:
Бізде ағылшын тілін үйренуге бағытталған түрлі клубтар мен курстар бар. Яғни, біз ағылшын тілін үйренудің төрт негізгі аспектісін қамтуға тырысамыз. Олар - сөйлеу, тыңдау, дұрыс оқу және жазу. Сондықтан бізде осы дағдыларды дамытуға арналған түрлі клубтар бар. Сөйлесу клубтары, фильм көру клубтары, музыка және тағы да басқа. Бұдан бөлек ағылшын тілінің мамандары келіп дәрістер оқып, түрлі баяндамалар жасайды.
Қазақстандағы АҚШ елшілігінің уақытша сенімді өкілі орталықтың жұмысын жоғары бағалап, екі ел арасындағы білім мен мәдени байланыстардың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді. Мұндай сапарлар қос елдің серіктестігін одан әрі бекемдей түседі.
БЕКАРЫС СЕКЕН