Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары шығысқа жұмыс сапарымен келді. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері өңірдегі шекаралық инфрақұрылымның қазіргі жай-күйімен танысып, шекара қызметінің бөлімшелері мен өткізу бекеттерін аралады. Сапар аясында облыс басшылығымен және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдерімен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Толығырақ әріптесім Нұртас Қайролдаев тарқатсын.
Кездесуде мемлекеттік шекара маңындағы шешімін таппаған мәселелер көтерілді. Сондай – ақ бірлескен іс-шаралар жоспары талқыланды.
Айгүл Құспан, ҚР Парламенті мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы:
Мемлекеттік шекара нысандарын аралағанда жетістіктермен, шешілмеген мәселелерді де көрдік. Әсіресе өткізу пунктерінің ескіргендігі, шекара қызмет ғимараттарының жайы. Шекарашыларда қарапайым тұрмыстық жағдайлардың болмауы, техника мен байланыс құралдарының жетіспеушілігі алағдатарлық жағдай. Сондықтан жергілікті әкімшілік мәселелермен қатар, инжинерлік комуникацияларды салуға және шекара маңындағы елді мекендері дамытуға, қызмет үшін қажетті жағдайларды жасауға жәрдемдессе жақсы болар еді.
Депутаттар бұған дейін аймақтағы бірқатар шекараның бақылау- өткізу пунктерінің жай-күйімен танысып қайтқан болатын. Олардың қатарында Раджан Батырханов атындағы шекара бөлімшесі де бар. 128 шақырым аумақты күзететін заставада ескі ғимараттар мен тұрақты электр қуатының жоқтығы — басты түйткіл. Мәселені шешу үшін Аршаты ауылынан электр желісін тарту қажет дейді, мамандар.
Бақытжан Байахметов, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
Бұл шекара бөлімшесіндегі ең бірінші мәселе ол жарықтандыруға байланысты. Ол жерге 10 кв энергия беретін 45 шақырым желі тартуымыз керек. Басқармаға жобалық сметалық құжаттамаларды даярлау бойынша тиісті тапсырмалар берілді. Бұл жұмыстарды тиісті мемлекеттік тексерістен өткеннен кейін бастау жоспарда бар.
Жарықтандырудан бөлек, шекаралық аймақтарды ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрақты байланыс жүйелерін орнату, интернет желісімен қамту мәселелері де сөз болды.
Бақытжан Байахметов, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
Интернет мәселесін шешу бойынша цифрландыру және архивтер басқармасына тиісті тапсырмалар берілген болатын. Қазіргі таңда шекара маңында StarLink желісін орнату бойынша заң нормалары қаралуда.
Депутаттар шекара қызметіндегі түйткілді мәселелерді жоғары деңгейде көтеріп, қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді. Шекаралық аймақтардың тұрақты дамуы тек жергілікті және орталық биліктің бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асатынын атап өтті.
НҰРТАС ҚАЙРОЛДАЕВ