Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығында дәстүрлі республикалық спартакиаданың ашылу салтанатты өтті. Спорттық додаға еліміздің барлық өңірлерінен жиналған мемлекеттік қызметкерлер қатысады. Бес күнге жалғасатын тартысты додада 19 команда өзара бақ сынасады.

Дәстүрлі жарыс биыл шығыс жерінде алғаш рет ұйымдастырылуда. Додаға Республиканың түкпір түкпірінен жиналған 1300-ге жуық жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметкерлері өзара кім мықтыны анықтайды. Шараның ашылу салтанатына аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Ата-бабамыз ежелден ең бірінші байлық денсаулық деп, ал спорт осы денсаулық кепілі екенін жақсы білеміз. Сондықтанда мынау бүгінгі спорт мерекесі баршамызға құтты болсын. Осы жарысты сіздер өте жақсы өнер көрсетесіздер, әділ ойын көрсетесіздер және мықтылардың мықтысы жеңеді деп сенемін.

Қатысушылар шағынфутбол, волейбол, жүзу, арқан тартыс, шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, қазақ күресі, баскетбол сынды спорт түрлері бойынша бақ сынасады. Атырау облысының мемлекеттік қызметкерлерінен құралған команда спорттың барлық түрінен қатысушыларды дайындап келген.

Бекбол Әбуов, жарысқа қатысушы:

Өзім қазақ күресінен келіп отырмын. 74 кг салмақта. Осы уақыта дейін өткен Республикалық турнирде қазақ күресінен бірнеше мәрте топжарып, жүлделі орын алып ауданымыздың, облысымыздың абыройын асқақтатып келеміз. Жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тілейміз. ШҚО көп рахметімізді айтамыз.

Жарысқа қатысушы командалар спартакиаданың жоғары деңгейде өтетініне сенім білдіріп, шығысқазақстандық ұйымдастырушыларға өз алғыстарын айтты.

Қуат Ошақбаев, жарысқа қатысушы:

Бізде Жамбыл облысында он аудан, бір қала бар. Сол он ауданнан жиналған команда жасақталып қазіргі таңда кішіфутболдан он екі қызметші және жалпы спорт түрінен 52 қызметші келіп отыр. Шығысқазақстандықтар жақсы, кеше біз самолеттен келдік. Аэропорттан қошеметпен күтіп алды. Рахмет әкімдікке! Жалпы жақсы, барлығы ұйымдастырылған. Өте керемет!

Мемлекеттік қызметкерлерді біріктірген дода салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спорт түрлерін дамытуға бағытталған. Былтыр спартакиада Ақтөбе өңірінде 8 спорт түрінен өткен болатын. Биыл жарыс бағдарламасына баскетбол, арқан тартыс және гір тасын көтеру спорттары қосылды.


ДИДАР ЕРБОЛАТҚЫЗЫ