Өскемен қалалық мәслихатының VIII шақырылым депутаттары Новоявленка кентінің тұрғындарымен кездесіп, Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын таныстырды. Жиынға ардагерлер, бюджет саласының қызметкерлері және белсенділер қатысты.

Кездесуде халық қалаулылары жаңа Конституция жобасында қарастырылған негізгі өзгерістер мен толықтыруларға кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, заң үстемдігін нығайту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту мәселелері түсіндірілді.

Арайлым Есімбекова, өңірлік коалиция мүшесі:

Коалиция мүшелері көшпелі түрде жұмыс істеп жатырмыз. Бүгін Новоявленко ауылында белсенділеріміз бар, коалиция мүшелері бар, ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ауланы аралау, таратпа материалдарын тарату арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауап алды. Әсіресе әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау және білім беру салаларына қатысты сауалдар көтерілді. Жиынға қатыса алмаған азаматтарға еріктілер ақпараттық парақшалар таратып, жаңа Конституция жобасының мән-маңызын түсіндірді. Кездесу соңында шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Ділназ Темірланова, ерікті:

Біз жалпыұлттық коалиция белсенділері үгт-насихат жұмыстарын белсендітүрде жалғастырып жатырмыз. Әртүрлі қоғамдық орындарда түсіндіру жұмыстарын түсіндіріп жатырмыз. Ақпараттық баннерлерді, буклеттерді тарату арқасында қоғам ортасында референдумның маңызын түсіндіріп жатырмыз.

Ауыл тұрғындары өз ұсыныстарын білдіріп, қоғамдық талқылауға белсенді қатысты. Ашық әрі мазмұнды диалог билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, жаңа Конституция жобасының мәнін тереңірек ұғынуға мүмкіндік берді.

Қымбат Иманғали