Тақырыпты жалғастырамыз...Халықаралық фестивал аясында ақындар айтысы өтті. Аламан жыр додасы ашық аспан астында алты сағат бойы, жиналған халықты жырға бөледі. Сөз сайысына он екі ақын қатысып, бақ сынады.
Облыс әкімдігінің қолдауымен өткен бұл сөз барымтасы – ұлттық өнерді ұлықтап, Төр Алтайды жырға бөлеген айтулы оқиға болды. Жыр бәйгесіне Моңғолия, Қырғызстан елінен де ақындар келіп, өз өнерлерін ортаға салды. Айтысқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері мен танымал ақындардан құралған қазылар алқасы төрелік етті.
Жанарбек Әшімжан, қазылар алқасының төрағасы:
Төр Алтайда өткен өте жоғары ұйымдастырылған үлкен фестивалді ауқымында поэзия кеші де өтті. Ғылыми практикалық конференция, әдебиет сыншыларының үлкен тұлғаларға баға беруі, одан бөлек міне халықаралық айтыс. Өзінің бүкіл тек қана Шығыс Қазақстан облысы деңгейінде ғана емес, Республика деңгейінде ғана емес, халықаралық деңгейдегі ұйымдастырылған үлкен, айтулы, рухани, тарихи шара деп айтуға болады
Ақындар Алтайдың тарихын, елдің бірлігін, туған жердің қадірін жырға қосты.
Айтыс - ұлттың асыл мұрасы, ал бұл жолғы жыр додасы ұлттық рухты тағы бір мәрте биікке көтерді.
Рүстем Қайыртайұлы, айтыскер ақын:
Басына бұлт қондырған, баурайына жұрт қондырған, топырағы торқадай, жапырағы қамтадай, қара суының өзі сорпадай қазаққа Алланың өзі берген бұл Алтайы. Алтайда осыдан 3 жыл бұрын үлкен дода айтыс өткен. Бүгін мінекей Қалихан, Дидахмет ағаларымыздың 90, 70 жасын себеп қылып, Алтайға әлемнің назарын, жалпы адамзаттың назарын аудартып, үлкен іс-шара жасап жатыр, үлкен қаржы бөлініп жатыр айналып келгенде. Бұл айналып- айналып келгенде босқа кеткен дүние емес. Осы өнер арқылы, өлең арқылы, музыка фестивалі, поэзия фестивалі арқылы Алтайға назар аударту, Алтайда туризмді дамыту, Алтайдың рухани, елдің рухани деңгейін көтеріп, елдің көңіліне дем беру
Елдің ынтымағын жырға қосқан тартысты айтыс көптің көңілінен шықты. Әр жұптың өнері халықтың ыстық қошеметіне бөленіп, рухани әсер сыйлады.
Сахна төрінде сөз маржанын терген жүйріктердің бәрі де олжалы болды. Жүлделі үшінші орынды Нұрмат Мансұров пен Серік Қуанған иеленсе, екінші орын Жансая Мусина мен Нұрсұлтан Малдыбаевқа бұйырды. Ал, бірінші орын үшін екі миллион теңге Рүстем Қайыртайұлының қанжығасына байланды. Айтыстың Бас жүлдесін Сарыарқаның жүйрігі Дидар Қамиевке облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов тапсырды.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Айтыс бұл төл өнеріміз Мемлекет басшысы ұлттық мұрамызды сақтап төл әдебиетімізді арман қарай дамыту мақсатындағы бұл іс шара құтты болсын. Уақыт тауып келген қонақтарға рахмет айтамыз
Дидар Қамиев, айтыскер ақын:
Осы өңірге келіп, топырағына табан тигізгеніміздің өзі бір үлкен жеңіспен пара-пар еді. Оған енді осы доданың бас бәйгесі бұйырып, нұр үстіне нұр болып жатыр, қуаныш қуанышқа жалғасып жатыр. Өте қуаныштымын! Әсерім керемет енді
«Алтай - алтын бесігім» атты халықаралық айтыс - ұлт рухын ұлықтап, сөз өнерінің мәртебесін тағы бір биікке көтерген мәні зор шара болды. Түркі дүниесін біріктірген бұл жыр додасы - ата-баба аманатын ардақтап, айтыс өнерінің биігін танытқан рухани тойға айналды.
Бекарыс Секен