Самар ауданында алғаш рет жаңа үйлер аудан орталығында емес, шалғай ауылдарда салынбақ. Бұл - ауыл тұрғындарының жаппай көшіп кетуін тоқтатып, әлеуетін сақтап қалуға бағытталған қадам. Өйткені облыста картадан жойылып жатқан ауылдар жетерлік. Соңғы он жылда 30 ауыл таратылса, тек былтырдың өзінде алты елді мекеннің орны ғана қалды. Шалғайдағы жұрт болса, қарашаңырақты сақтап қалу үшін әлеуметтік әрі мәдени нысандар салып, инфрақұрылымды жетілдіру керек, дейді. Тек сол кезде ғана ауыл еңсесін тіктейді деген сенімде.

Аймақта ауылдар босап жатыр. Әсіресе шекара шебіндегі Катонқарағай,Тарбағатай, Күршім аудандарынан қалаға бет түзегендер көп. Өйткені инфрақұрылым нашар, барыс-келіс қиын. Облыс орталығына жақын Самар ауданының өзінде екі ауыл таратылуы мүмкін. Жаңажол елді мекені бұл тізімге кірмесе де, жергілікті халықтың көңілі алаң. Бұрын бұл ауылда 100-ден астам үй болған, қазір жартысы ғана қалған.

Майра Ниматова, ауыл тұрғыны:

Мектеп болмаса, клуб болмаса тозып кетеді біз сияқты кемпірлер қаламыз. Аулыдан кім кетеді? Шамасы келгендер қалаға кетеді. Жағдайым болса да менің барғым келмейді. Міне Қойтас деген ауыл жабылды да қалды. Мектептері жоқ, көрдік. Бізге әкелді балаларын, қалаға жіберді, немерелерін сүйреді, өте қиын жағдай болды.

Жаңажолдықтар осы бір аядай клубтың жөнделгеніне ерекше риза. Тұрғындар бұл нысанды ауыл тіршілігінің қайта жандануына алғашқы қадам деп біледі. Алайда ұзақ мерзімді даму үшін бұдан да маңызды мәселелер шешілуі керек.

Ерлан Сайфуллин, ауыл тұрғыны:

Бұл кішкентай ауылды жерлердің шабындық жерлері де жоқ, не ертеректе бәрінен айырылып қалған не егістік жерлері жоқ, не шабындығы жоқ сонымен ауылды жерлер көшіп жатыр, ал жаңадан үй салынып бермейіншге ауылға жастар келмейді.

Шынында да, кейбір ауылдарда жаңа үй салынбағанына 40-50 жылдан асқан. Енді бұл кемшіліктің орны толтырылып жатыр. Негізгі назар аудан орталығына емес, шағын ауылдарға аударылған.

Серік Жеңісов, Самар ауданының әкімі:

Бізде Самар ауданында айта кетейік соңғы статистиканы қарағанда 10 жылда көптеген халықтың саны азайып бара жатыр. Жалпы ауданда 11500 адам. Бізде қазір екі ауыл жабылудың шағында тұр. 04.13 СКЛ 02.22 Ауылдарды дамыту үшін не істеу керек? Бізде биыл «Бір қабатты шығыс» бағдарламасы бойынша бірінші рет Самар ауданында 16 үй салғалы жатырмыз. 16 үй 32 квартира. Соңғы 5 жылда бұл жерде 8 үй ғана салынған екен.

Сондай-ақ ауданға оңтүстіктен 20 отбасы көшіп келеді. Бұл кейбір ауылды тарату туралы шешімді өзгертуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, ауыл өмірін сақтау үшін тек баспана ғана емес, бизнеске де жағдай жасау қажет.


Кәусар Идаятқызы