Әкелер күніне орай Өскеменде қоғамдағы әке рөлін арттыруға бағытталған дөңгелек үстел өтті. Шараға педагогтер, құқық қорғау органдарының өкілдері, психологтер және ата-аналар қатысты. Жиында отбасындағы әке беделін нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері сөз болды.
СЕРІК МИЗАНБЕКОВ, АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛДІҢ ШҚО БОЙЫНША ӨКІЛІ:
Қазақ қоғамында әке – ұлы тұлға. Баланың санасына оны сыйлау мен құрметтеу кішкентай кезінен бастап сіңірілуі керек. Бүгінгі жиында біз әке беделін көтеру, жеті ата дәстүрін дәріптеу және отбасылық құндылықтарды нығайту туралы талқылаулар өткіздік
Басқосуда тек отбасылық құндылықтар ғана емес, қоғамды алаңдатып отырған маңызды әлеуметтік мәселелер де көтерілді.
АЙДАР СЕРІКҚАЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫЛАР ПАЛАТАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазіргі уақытта алимент мәселесі өзекті мәселе болып тұр. Үйткені 13 мыңнан артық бізің шығыс өңірінде алимент өндіру атқарушылық өндірісі бар. Соның мүлдем төлемей жатқандары 4476 адам болып саналады. Соларға қатысты бұлтартпау шаралары қабылданып жатыр. Прокуратура қызметкерлерімен және сот орындаушылар, өндіріп алушылармен бірге әкемшілік жазаға тарту. Соған байланысты полиция қызметкерлерінің көмегі керек болып тұр. Олар да бізге ат салысып көмектеуде.
Отбасында баланың бойына мейірім мен тәртіпті қатар сіңіретін тұлға – ол әке. Осы орайда қоғамда отбасы тыныштығын сақтау мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері де назардан тыс қалмауы тиіс. Бұл бағытта тәртіп сақшылары жүйелі профилактикалық жұмыстарды қолға алған.
ЗАРИНА ӘЛІМЖАНОВА, ШҚО ПД ЖПҚБ ОТБАСЫЛЫҚ-ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
Осы 2025 жылы жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде. Заң және тәртіп қағидасы негізінде Ішкі істер министрлігінің 2025 жыл профилактика жылы деп атап өтуіне байланысты біздің полиция депортаментінінде өте көптеген жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе тұрмыстық қарым қатынас саласында жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алдын алу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды.
Жиын соңында қатысушылар ортақ ұсыныстарын білдіріп, қоғамдағы әкенің орнын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізу қажет екенін атап өтті. Себебі әке – тек отбасының басшысы емес, ұрпақтың рухани тірегі, ел болашағына үлес қосар азаматтың қалыптасуына тікелей әсер етуші күш.
НҰРТАС ҚАЙРОЛДАЕВ