Күршім ауданы қарқынды дамып келеді. Экономика мен әлеуметтік салада оң серпін бар. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс пен инфрақұрылым салаларында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте аудан әкімі Мейіржан Әлбеков айтты.
Күршім ауданында ілкімді істер қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қай салада болсын өсудің оң динамикасы байқалады. Халықты жұмыспен қамту көрсеткіші де жақсы. Биыл ауданда 787 жұмыс орнын құру жоспарланып, іс жүзінде 313 жұмыс орны ашылған. Жылдық жоспардың 40%-ы орындалған. Бұдан бөлек, 2025 жылы республикалық бюджеттен көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 5 үй, әлеуметтік – жағынан осал топтар санатындағы отбасыларға 7 үй сатып алу жоспарланған.
Мейіржан Әлбеков, Күршім ауданының әкімі:
Күршім ауданы бойынша «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 2024 жылы 30 тұрғын үйдің сатып алынды. Бұл өз кезегінде ауданның ауылдық елді мекендерінде кезекте тұрған әлеуметтік – жағынан осал топтар санатындағы және көп балалы отбасылардың, ата – анасының қамқорынсыз қалған жетім балалардың тұрғын үй мәселесін шешуде үлкен оң нәтижесін берді. Бұл бағдарлама биыл да жалғасын тауып келеді. Биыл 18 үй салыну жоспарда бар. Жұмыстар қазір басталып кетті. Жалпы аудан бойынша 200-дің үстінде кезекте тұрған тұрғындар бар.
Күршім ауданында жарықтандыру, абаттандыру және жол жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. «Күршім–Қалжыр–Бурабай» бағыты бойынша 15 шақырым жол жөнделсе, 2024–2026 жылдары аралығында Күршім ауылында айналма жолдың құрылысы қолға алынған. Оның жалпы құны 3,4 миллиард теңгеден асады. Сондай – ақ ауылішілік көшелер мен аудандық маңызы бар жолдар да назардан тыс қалмаған. Мәселен, Сарыөлең, Топтерек ауылдарындағы көшелерде орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған.
Кәусар Идаятқызы