Катонқарағайда өткен XXIII Халықтық спорт ойындарының ақтық кезеңі ел есінде қалар аламан бәйгемен түйінделді. Ауыл азаматтарының қолдауымен жаңғыртылған ипподромда өткен дүбірлі додада өңірдің түкпір-түкпірінен келген жүйріктер бақ сынады. Жүлдеге темір тұлпар тігіліп, тартысты бәсеке болды.

Ұлттық ойындар – мәдениеттің маңызды бөлігі. Төр Алтайда өткен жарысқа барлығы 13 команда, 282 спортшы қатысты. Олардың ішінде 156 шабандоз көкпардан бақ сынап, ат үстіндегі шеберлігін, тактикалық ойы мен ұлттық ат спортына деген құрметін паш етті.

Жұмабек Жапишев, аударыспақтан аға жаттықтырушы:

Қазақ халқының қанында бар нәрсе. Ол жасқа қарамайды. Жылдан жылға дамып келеді. Былтыр Зайсанда айтқам 7-9 жыл арада интервал қалды. Былтырға қарағанда биыл өте жақсы, келер жылы бұдан да жақсы болады. Басты мақсатымыз Қазақстанда бұрынғы жеткен жетістікке жетсек аударыспақтан, теңге ілуден, жамбы атудан сонда біздің арманымыз орындалады.

Жарыс бағдарламасына негізінен көкпар, аударыспақ, жамбы ату және теңге ілу сынды ұлттық спорт түрлері енген. Олар қазақ халқының бай мұрасын, батырлық пен шеберлікті паш ететін өнердің бір көрінісі.

Талап Садыбаев, бас төреші:

Жарыстың деңгейі өте мықты. Облыс басқарамасы басшылығының көмегімен былтыр Зайсанда өтті, биыл Катонқарағайда өтіп жатыр.

Катонқарағайдағы атшабар жаңаша тыныс алды. Соңғы рет 1994 жылы жөндеуден өткен ипподром биыл халықтық спорт ойындарына орай түбегейлі жаңғыртылды. Жергілікті кәсіпкерлер мен «Катонқарағай тұрақты даму қоры» ортақ іске жұмылып, алаңды толық қайта салды.

Азамат Нұрсұлтанов, кәсіпкер:

Бір айдың көлемінде атшабарды толықтай жөндеп, трибунасын дайындап, киіз үй аумағының қоршауын жасап.Оосы атшабарды сатып алдық. Өзіміз атпен жақын байланыста болған соң атшабарды осы деңгейге жеткізу арманымыз болды.

Жұрттың делебесін қоздырған 25 шақырымдық аламан бәйгеде оқ бойы озық шыққан 19-шы нөмірлі «Зарип» атты сәйгүлік. Үш жасар ағылшын тұқымды арғымағының арқасында тарбағатайлық Әділ Тисанов су жаңа автокөлік иесі атанды.

Әділ Тисанов, атбегі:

Катонқарағайда автокөлік ұтып отырмыз. Бәрі осы атбегілердің бапкер Төкен Айдостың еңбегі, шабандоз Мансұрдың еңбегі.

Одан кейінгі желден жүйрік — күршімдік Дәулет Темірлан «Барысымен» екінші орынды иеленіп, 1 миллион теңгені қанжығалады. Ал Зайсанның намысын қорғаған Дулат Нұралин «Арбатымен» үшінші орынға жетіп, 700 мың теңгені ұтып алды.


Қымбат Иманғалиева