Өскеменде алғаш рет республикалық Мансап орталықтарының форумы өтуде. Шара С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ұйымдастырылды. Жиында еліміздің түрлі өңірлерінен және жоғары оқу орындарынан келген мамандар бас қосты. Олар мемлекеттік білім гранты бойынша оқыған түлектердің жұмысқа орналасуы үшін тиімді жолдарды қарастыруда. Бұл тақырып «Серпін» жобасына қатысушыларға да арналған.
Форумның мақсаты – мемлекеттік грантпен оқыған түлектердің міндетті еңбек өтемін жүйелі түрде іске асыру. Шарада Мансап орталықтарының жұмысын жақсарту, оны цифрландыру, жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнату және жас мамандарға алғашқы еңбек жолында қолдау көрсету мәселелері кеңінен сөз болды. Сарапшылар тәжірибе алмасудың және бірлесіп жұмыс істеудің маңызын ерекше атап өтті.
Берік Сыздықов, «Қаржы орталығы» АҚ мониторинг департаментінің директоры:
Ірі кәсіпорындармен келісімшарттар жасалып, меморандумдарға қол қойылды. Біз өз тәжірибемізбен бөлісуді көздеп отырмыз. Мысалы, «Серпін» бағдарламасы бойынша Оңтүстік, Солтүстік және Орталық өңірлерден келген студенттер бар. Олардың жұмысқа орналасуында әлі де шешілмеген мәселелер көп. Осыған ерекше мән беруіміз қажет.
Мансап орталықтары – бүгінде елдегі түрлі мамандарды даярлау мен оларды жұмысқа орналастыру жүйесінің маңызды буынына айналып келеді. Форум барысында сарапшылар түлектерге дұрыс мамандық таңдап, болашақ кәсібін саналы түрде құруға көмектесетін қолдау тетіктерін де талқылады.
Мұхтар Төлеген, С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры:
Ғылым және жоғарғы білім министрлігі біздің университетімізді таңдап отыр.... өтіп отыр.
Бұдан бөлек, форумда түлектерді жұмысқа орналастыру процесін бақылауға арналған цифрлық жүйелерді енгізу мәселесі де көтерілді. Өтініш қабылдау, келісімшарт жасау сияқты барлық қадамдар енді электронды түрде цифрлық қолтаңба арқылы жүзеге асырылады. Мұның барлығы түлектер үшін процесті ашық әрі қолайлы етуге бағытталған.