Тарбағатай ауданы Сарыөлең ауылында жаңа мектеп бой көтеруде. Қазіргі таңда құрылыс барлық талаптарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Жергілікті әкімдік жұмыс барысын бақылауда ұстап отыр. 

Бұрынғы баламалы мектеп 1991 жылы қолданысқа берілген ескі ғимарат еді. Онда оқу кабинеттері мен техникалық жабдықтары ескірген болатын. Ал енді салынып жатқан жаңа білім ордасы заман талабына сай жоспарланған.

Самал Дауытбаева, Тарбағатай аудандық білім беру бөлімінің басшысы:

Сарыөлең ауылындағы Б. Момышұлы атындағы негізгі орта мектебінің ғимараты - бейімделген ғимаратта орналасқан болатын. Ол бұрынғы тұрғын үй болатын. Ол қазіргі күнгі санитарлық талаптарға сай емес мектеп. Сондықтан осы ауылдан 50 орынды жаңадан мектеп ғимараты салынып жатыр. Ол 2026 жылға қолданысқа беруге жоспарланған. Енді мектеп жиһаздармен мектепке қажетті барлық құрал жабдықтармен жабдықталатын болады.

Сарыөлең ауылында салынып жатқан жаңа мектеп алдағы уақытта жас мамандарға да жол ашпақ. «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы аясында ауылға жас педагогтер келіп, еңбек етуге ниет білдіруде. Ал жергілікті билік қызметке келген маманға барлық жағдай жасалатынын айтады.

Сәуле Сахиолдина, Жаңаауыл ауылдық округінің әкімі:

Ауылда 27 үй бар, 100 адам бар. Ауылдағы мектеп 27 оқушы шағын орталықпен қосқанда. Енді мектеп 1991 жылы салынған ескі мектеп. Одан бері 30 жылдан астам уақыт болды. Өте қуанышты жағдай ауылымызда. Жаңа мектеп 50 орындық. Мынау енді шекаралық аймақ, өте шалғай аудан. Халықтың қуанышында шек жоқ. Халықтың бәрі көтеріңкі күйде. Мына салып жатқан мектебіміздің мердігермен күнделікті жұмыстар бақылауда ұсталынып отыр. Жұмыстың бәрі жоспарға сәйкес атқарылуда.

Жаңа мектептің салынуы - тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Көп жылдан бері ескі ғимаратта оқып келген ауыл балалары енді жаңа, заманауи мектепте білім алмақ.

Зәуреш байырова, Сарыөлең ауылының тұрғыны:

Биыл бір ерекше жыл болып тұр өте қуаныштымыз, жеке менің қуанышым емес бүкіл ауыл тұрғындары болып барлығымыз өте қуанып жатырмыз. Табиғатымыз өте әсем, сондай таза ауа. Балаларымыз білімді, өнерлі. Халқымыздың береке бірлігі мықты. Қандай қуаныш болсада, жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді, барлығы бір кісідей ат салысып, өз көмектерін көрсетіп жатады.

Сарыөлең ауылының инфрақұрылымы соңғы жылдары айтарлықтай жақсарған. Өткен жылы көше шамдары мен балалар алаңы орнатылған.

Сәуле Сахиолдина, Жаңаауыл ауылдық округінің әкімі:

Сарыөлең ауылы түңгі жарық шамдармен қамтылған. Былтыр 25 жарық шам қойылды. Бұрын 13 жарық шам болатын. Барлығы 36 жарықшам қойылған. Және былтыр Сарыөлең ауылына балаларға ойын алаңы қойылды 5 млнға, сырты бәрі қоршалып жөндеу жұмыстары жүргізілді, қазір халық пайдаланып отыр, халық өте риза.

Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатқан Сарыөлең ауылы – болашағы зор, әлеуеті жоғары елді мекендердің бірі. Жаңа мектеп, жаңарған көшелер мен балалар алаңдары - осының нақты дәлелі. Халықтың бірлігі мен қолдауы арқасында атқарылып жатқан бұл жұмыстар ауылдың дамуына тың серпін берері сөзсіз.

БЕКАРЫС СЕКЕН