21 маусым - елде кинология қызметі күні. Жеті қазынаның бірі саналатын иттің бабы бүтін бір ғылым. Оларды арнаулы бір бағытқа баптайтын мамандар - кинологтар. Бұл әлемдегі ең экстремалды кәсіптердің қатарына жатады. Көп елене бермейтін, бірақ дүйім жұрттың тыныштығы үшін итті баптап, баулып, қарайтын із кесушілердің еңбегі ұшан-теңіз. Осы саланы жанына серік еткен мамандардың бірі - Алексей Гордеев.

Ол күнделікті жұмысын уақытынан ерте бастайды. Қасында - сенімді серігі, төрт аяқты қызметтік иті бар. Полиция қызметіне 2000 жылы келген маман екі жылдан кейін кинология саласына толықтай бет бұрды. Алғашқы серігі - Буч есімді ит. Екеуі талай істі бірге атқарды. Алексейдің айтуынша, бастысы – итке нұсқау беру емес, жүрекпен оны сезіне білу.

АЛЕКСЕЙ ГОРДЕЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ КИНОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

«Буч» атты қызметтік итіммен біз талай қылмысты аштық. Қылмыскерлердің өзі «итпен кинолог келіп қалмасын» деп қорқатын болды. Іздерін жасыруға тырысып, түрлі айла-шарғыларға барған. Мысалы, «Ромашка» дүкеніндегі ұрлық. Ол жерде азық-түлік ұрланған. Бірақ жай ұрлап қана қоймай, сатылымда тұрған дәмдеуіштер – бұрыш, даршын – солардың қаптамаларын жыртып, барлығын шашып тастаған. Мақсаты – иісті жою, иттің ізге түсуіне кедергі жасау.Бірақ сондай сәттердің бірінде, ол адам жертөледен кірген екен. Мен сол жертөледен із таптым, сөйтіп итпен бірге қылмыскерді де таптық. Міне, осындай қызық оқиға болған.Бұл жерде шығармашылық көзқарас өте маңызды.

Уақыт өте келе Алексей Гордеев жай ғана кинолог емес, өз ісінің нағыз шеберіне айналды. Ол әр итті өз тәжірибесі бойынша үйретіп, сенімді серігіне айналдырды. Қазіргі досы - Энигма есімді неміс овчаркасы. Мінезі өте ерекше дейді. Ол Алексеймен бірге еліміздің әр өңірін аралап, жарыстарға қатысып, тәжірибе жинап жүр. Алайда бұл жарыстардың бәрі -тек кубок үшін емес, қауіптің алдын алуға бейімдеу.

АЛЕКСЕЙ ГОРДЕЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ КИНОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Оның өз талғамы, өз ойы, өз артықшылықтары бар. Бұл - жай ғана қызметтік құрал емес, нағыз серік, тіпті отбасы мүшесі десе де болады. Егер ит сенің жауапкершілігіңде болса, оны жақсылап тамақтандырып, жиі серуендетуге тырысасың — өйткені ол сенің досың. Қызметтік Иттер бірнеше бағытқа бөлінеді: иіс арқылы адам іздеу, есірткіні табу, жарылғыш заттарды іздеу. Бізде итпен жұмыс осы бағыттар бойынша жүргізіледі. Өзім негізінен із кесу жұмысына көбірек көңіл бөлемін. Бірақ есірткі мен жарылғыш заттарға қатысты дайындық жұмыстарына да қатысамын, өйткені бәрінің түпкі мақсаты – бір.

Кинолог қызметі - үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл – іске адалдық пен серігіңе деген шынайы сенім де керек. Бірлескен жұмыс нәтижесін берері сөзсіз.


Бекарыс Секен