Зайсан ауданында инфрақұрылымды кешенді жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуына бағытталған жобалар бірнеше сала бойынша жүзеге асуда. Бұл туралы Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.
Зайсан ауданында 16 шақырымнан асатын автожолдар мен көшелер жөнделіп жатыр. Бұл мақсатқа 515 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстары «Зайсан – Жаңатұрмыс - Шүршітсу» тасжолын және Сарытерек, Біржан ауылдарындағы көшелерді қамтиды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласында да ірі жобалар қолға алынған.
Аэлита Ахметсәлімқызы, Зайсан ауданының әкімі:
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 6,9 млрд теңге, өткен жылдан 25 % ға артты. Ауданда мал басының өсуі тенденциясы сақталды. Ірі қара 85 154 бас, қой ешкі 99 719 бас, жылқы басы 47069 басты құрап отыр
Аудан халқының 78 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Енді бұл көрсеткішті 93 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Қазір 8 ауылға газ құбыры тарту жобасы дайындалуда. Сараптамалық қорытындылар алынғаннан кейін, қаржыландыру мәселесі министрлікке жолданады. Елді-мекенде өзге де ілкімді істер қолға алынған.
Аэлита Ахметсәлімқызы, Зайсан ауданының әкімі:
Ауданда барлық 33 елді мекен 100 % сумен қамтамасыз етілген. Биыл 52,3 миллион теңгеге 6 сумен жабдықтау және су бұру объектілеріне ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған. Ағымдағы жылы Жарсу ауылында 535,7 миллон теңгеге мектептің спорт корпусы, Үлкен Қаратал ауылында 1,3 млрд теңгеге және Сарыжыра ауылында 550 миллион теңгеге 50 орындық мектептің құрылыстары басталды.
Зайсан ауданындағы жол жөндеу жұмыстары, тартылған газ құбыры, сапалы интернет пен жаңа әуежайдың құрылысы – мұның бәрі елді мекендердің тынысын ашып, халыққа қолайлы өмір сүру мүмкіндігін қалыптастырады.
Бекарыс Секен