Адам өміріне араша түсіп, ана мен бала саулығына қалтқысыз қызмет етіп жүрген жандар қашанда құрметке лайық. Солардың бірі – өскемендік акушер-гинеколог Марина Маркашова. Ол мыңдаған ананың аман-есен сәби сүюіне себепші болып, абыройлы еңбек жолында ел алғысына бөленіп келеді. Кәсіби біліктілігі мен адамгершілігі жоғары бағаланған ақ халаттыға «Қазақстанның денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.

Өскеменде Марина Маркашованы білмейтін адам кемде-кем. Ақ халаттының есімі әсіресе перзентханалардан жиі естіледі. Ол адал еңбегімен алғысқа бөленген абзал жан. 32 жыл бойы босану бөлімінде қызмет етті. Қазір емханада жұмыс істейді. Жүкті әйелдерді алғашқы ультрадыбыстық зерттеуден бастап, босанғанға дейін бақылауда ұстайды. Бүгінде оған сеніп, денсаулығын аманат еткен аналар аз емес.

Айжан Әбішева, қала тұрғыны:

Марина Юрьевнаны қаламыздағы барлық баланың анасы десек, артық айтқаным емес. Ол – нағыз кәсіби маман. Аналарға ең қиын сәтте демеу болады. Қамқорлық танытып, жанашырлықпен қарайды. Оны бүкіл қала жақсы көреді. Тіпті өзі босанбаса да, көп адам оның қандай білікті маман екенін біледі.

Марина Маркашоваға ем алушылардан бөлек, кеңес сұрап жас мамандар да жиі келеді. Тәжірибелі дәрігердің шеберлігін үлгі ететіндер көп. Емхананың бас дәрігері Рая Рахимованың айтуынша, мұндай мамандар – алтынға бергісіз жандар.

Рая Рахимова, емхананың бас дәрігері:

Акушерлік қызметтегі алғашқы тәжірибем Маринаның арқасында басталған. Бүгінде Марина Юрьевнаны Өскеменде танымайтын адам кемде – кем. Емханада жүкті әйелдерді ұзақ уақыт толық бақылау – жауапты іс. Мұндай нәзік те күрделі саланың қыр-сырын ол секілді білетін маман аз. Маринадай білікті маман қалаға берілген бақ десем де артық айтпаймын.

Марина Маркашова бала кезінен дәрігер болуды армандаған. Бүгінде бұл шешіміне еш өкінбейді. Жылдар мен еңбек, қажыр мен төзім оның бойынан адам өміріне деген шексіз құрметті еш өшірген емес. Ол үшін медицина – мамандықтан бұрын өмірлік миссия.

Марина Маркашова, акушер-гинеколог:

Бұл мамандық мені ерекше баурап алды. Босану процесі, ананың қуанышты жүзі, жарық дүние есігін ашқан кішкентай нәресте – осының бәрі жүрекке жылу сыйлайды. Перзентханаға кірген әйелдердің аман-есен, қуанышпен отбасына оралуы – мен үшін үлкен бақыт.

Ақ халатты өз қызметін есеппен емес, жүрекпен атқарады. Сабырлы болмыс пен мейірімге толы жүрек – бәрі бір адамның бойында. Марина Маркашова – талай жаңа өмірдің бастауына куә болған жан. Оның еңбегі – әр отбасыға шаттық сыйлаған елеулі қызмет.


ДИДАР ЕРБОЛАТҚЫЗЫ