Таңды жаттығумен бастаған Өскемен тұрғындары бүгін ерекше серпін алды. «Жеңіс» саябағында ұйымдастырылған «Чемпиондық рух» атты спорттық шараға жүздеген жас пен спорт сүйер азаматтар жиналды. Жобаның мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, спортшылардың еңбегін дәріптеу, олардың қоғамдағы беделін арттыру.
Ауқымды шараны «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының ШҚОФ мен «Aqtai Judo Club» бірлесіп ұйымдастырды. Жастар чемпиондармен бірге жаттығу жасап, еркін форматта сұхбаттасуға мүмкіндік алды.
Арсен Мутанов, жас спортшы:
Чемпион ағаларымызбен бірге мотивациялық жаттығу жасап жатырмыз. Осы кісілердлің арқасында өсіп, келесі жарыстарда мотивация аламыз. Егер адам өз өмірінде жақсы өмір сүріп жетістікке жеткісі келсе таңғы жаттығуды жасауы керек.
Ашық аспан астындағы жаттығуға халықаралық аренада ел намысын қорғап жүрген танымал спортшылар қатысты. Олардың қатарында самбодан әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері, дзюдодан Қазақстанның спорт шебері Руслан Ақтаев, Сидней Олимпиадасының қола жүлдегері, еңбек сіңірген спорт шебері Айдын Смағұлов болды.
Айдын Смағұлов, Дзюдодан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері:
Бұл чемпиондық рух деген батырлардың бүгінгі күндегі іс әрекеті спортта ғана емес әлбетте мына өмірде өздерінің ішкі дүниелері чемпион болу керек. Әлбетте балалар спортта ғана емес өмірде де тәрбиелі дендері сау салауатты өмір сүрулеріне іс әрекеттенеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша жоба аясында бұдан өзге түрлі спорттық жарыстар мен тренингтер, семинарлар өтеді.
Қорлан Туғамбаева, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» ЖҚ ШҚОФ төрағасы:
Осындай тұрақты таңғы жаттығулар, спортшылармен кездесу, бір-біріне деген белсенді қарым қатынас болашаққа үлкен септігін тигізеді. Спортшылардың энергиясы мен күшін дұрыс бағыттау жобаның негізгі мақсаты.
Салауатты өмір салтын насихаттайтын шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Қымбат Иманғалиева