Ішкі істер саласы мен соғыс ардагері Құрмат Рахимов 101 жасқа толды. Көне көз қария 1981 жылы зейнетке шықса да, ел ісінен шет қалған емес. Жастарға ақыл-кеңесін айтып, түрлі қоғамдық істерге белсене араласып келеді. Қазыналы қарттың туған күнінде өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов ардагердің шаңырағына арнайы барып, құттықтауын жеткізді.

Құрмат Рахимов 1942 жылы майданға аттанып, Беларусь пен Балтық жағалауы елдеріндегі ауыр шайқастарға қатысқан. Жеңіс күнін Кёнигсбергте қарсы алған. Соғыстан соң әскери училищені бітіріп, шекара қызметінде жұмыс істейді. 1955 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облыстық ішкі істер басқармасында еңбек етіп, басқарма бастығының орынбасары қызметіне дейін көтеріледі. Ақсақал өзінің өнегелі өмір жолынан сыр шертіп, құттықтап келгендерге ақ батасын берді.

Құрмат Рахимов, Соғыс ардагері:

Сұрасаң бата берейін, жақсылық сендерге тілейін. Асыл тілек қабыл болып, арта берсін мерейің. Ұлдарың өссін батыл болып, Қабанбай мен Барақтай. Қыздарың өссін өссін құлпырып, баратын жерге жанаттай.... мына менің батамды қабылдаңдар әумин.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов туған күн иесіне арнайы сый-сияпатын табыстап, ізгі тілегін білдірді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Ішкі істер органында ұзақ жыл жұмыс атқардыңыз. Өте қиын ішкі істер органында жұмыс жасау. Абыроймен жұмыс атқарып, елдегі тәртіп бойынша жұмыс жасадыңыздар. Қазір әлі де осы өмірге араласып, бізге ақылыңызды айтып, көпшілікке шығып, ұлағатты сөздеріңізді айтып тұрыңыздар. Өздеріңіз сияқты әдемі қартайған ақсақалдар елге, халыққа керек. Сіздер елдің, ұлттың байлығысыздар.

Ардагер өзін сыйлап келгендерге алғыс айтып, ұрпақ амандығын тіледі.


Фатима Тілейханқызы