Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Самар ауданының дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Аудан әкімі Серік Жеңісов өңірді өркендетудің негізгі үш бағытын атап өтті. Олар: жаңа өткелдің ашылуына байланысты транзиттік әлеуетті пайдалану, ауыл шаруашылығы өнімдерін көбейту және туризмді дамыту үшін инфрақұрылымды жақсарту.

Самар ауданы – туризмді дамытуға қолайлы әрі болашағы зор аймақтардың бірі. Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы, табиғаты мен жаңа жол қозғалысының ашылуы инвесторлар мен кәсіпкерлердің қызығушылығын арттырып отыр. Бұл ауданның дамуына және халықтың өмір сапасын жақсартуға үлкен мүмкіндік береді.

Серік Жеңісов, Самар ауданының әкімі:

Биыл Васильевский переправаны аштық 6 жылдан кейін. Ең басты жаңалық сол болды. Қазақша айтқанда 9 жолдың торабында тұрған ауданбыз. Сондықтан да, осы тразитті біз пайдалануымыз керек. Ауданымыздың дамитын басты мәселесі осы болуы керек. Әлеуметтік даму осы болады.

Серік Жеңісовтың айтуынша, бұл қадам ауданның даму қарқынына оң әсерін береді. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласы да назардан тыс қалған емес. Ауданда барлық негізгі көкөніс түрлері өсіріледі. Құнарлы топырақтың арқасында өнім сапасы жоғары. Бұл экспортты ұлғайтуға жол ашады.

Серік Жеңісов, Самар ауданының әкімі:

Бізде демалысты дамытатын ең жақсы жерлердің бірі – Самар ауданының Бұқтырма су қоймасының маңайы. Бұл жерде біз қарадық 100 шақырымдай таза құм, ауа-райы өте жақсы. Жазда ауа-райының температурасы – 31-33 градусты көрсетіп тұрады екен Сарыбел жақта. Сондықтан ең қолайлы жер осы деп ойлаймыз. Бізде енді туризмді дамыту бойынша үлкен-үлкен жоспарлар бар. Соны енді іске асырамыз деп ойлаймын.

Ауданның туристік әлеуетін ескеріп, жол инфрақұрылымын дамыту бойынша жоба мақұлданды. 99-131 шақырым аралығындағы жолдың 20 шақырымын жөндеу жоспарланған. Ал, Кұлынжон ауылынан Самар ауылына дейінгі жол құрылысы басталып кетті. Жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Ауданда тағы бір ірі жоба – «Самар Арбатының» құрылысы жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 110 гектар жер қарастырылуда. Бұл жерде мейрамханалар, спорт алаңдары және туристерге арналған демалыс аймақтары бой көтереді. Жобаны іске асыру үшін инвесторлармен және жергілікті кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде.


Фатима Тілейханқызы