Табиғаттағы жұқпалы індеттер – адамзатқа төнген елеулі қауіптердің бірі. Әсіресе жануарлардан адамға жұғатын зооноздық аурулардың таралу ықтималдығы жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты Өскеменде табиғатты қорғау мамандарына арналған арнайы тренинг өтуде. Оқытулар Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірлескен жобасы аясында жұзеге асуда.
Қазақстанда құтыру, құс тұмауы мен сібір жарасы секілді індеттерді жұқтыру жағдайлары жыл сайын артып келеді. Әсіресе шалғай өңірлерде бұл ауруларға шұғыл әрекет ету қиынға соғуы мүмкін. Осыған орай аймақта түсіндіру жұмыстарын жүргізу қолға алынған.
Өскеменде табиғатты қорғау мамандары зооноздық ауруларға қарсы әрекет ету тәсілдерін үйренуде. Мамандар сібір жарасы, құс тұмауы секілді қауіпті індеттерді табиғи ортада ерте анықтап, шұғыл шешім қабылдай алуы тиіс дейді ұйымдастырушылар.
ҚУАНЫШ ЕСЖАНОВ, ҚР АШМ ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ЭПИЗОТИЯ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Бүгінгі күндегі тақырыпқа байланысты, біз аңшы қауымдастықтарымен бірге жұмыс жасап жатырмыз. Ол жерде аңнан ауыл шаруашылық малдарына жұғатын, одан адамдарға жұғатын құтыру ауыруы, сібір жарасы сияқты адам денсаулығына қатты зиян келтіретін және өліге дейін алып келетін аурулар болып табылғандықтан толық қаны түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысындамыз.
Тренингтің теориялық бөлігінде қатысушылар зооноздық індеттердің биологиялық белгілерімен танысып, өлекседен сынама алудың қауіпсіз жолдарын үйренді. Сонымен қатар олар халықаралық стандарттарға сай есеп беруді, деректерді тіркеуді және тиісті құрылымдарға хабарлаудың тәртібін меңгеруде.
ҚАЙРАТ МЕЙРЕМБЕКОВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Екі күнге созылатын тренинг аясында мамандар зооноздық аурулардың алдын алу жолдарымен танысатын болады. Себебі мұндай індеттер алдымен аң-құстардан тарайды. Ал табиғатта сол жануарлармен алғаш бетпе-бет келетін - инспекторлар мен ветеринарлар. Олар өлексеге тап болғанда қандай әрекет ету керектігін нақты білуі тиіс.
Оқу семинары БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының «Бір денсаулық» қағидасына негізделген. Ветеринария, экология және медицина саласы өкілдерінің бірлескен жұмысы індеттердің алдын алуға бағытталған.
ЕРБОЛ ҚАМСАЕВ, БҰҰ АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҰЙЫМЫНЫҢ ӨКІЛІ:
Аталған тренинг өте өзекті. Себебі зооноздық инфекциялардың таралу қаупі әрдайым бар. Адам баласы ауыратын аурулардың 75 пайыздан астамы жануарлардан, соның ішінде жабайы жануарлардан жұғады. Сондықтан ветеринария саласының мамандарына дер кезінде берілген ақпараттың негізінде олардың әрі қарайғы таралмауы қамтамасыз етіледі.
Қатысушылар бұл тренингтің тәжірибеде өте қажет екенін айтады. Себебі далада індетке тап болған сәтте не істеу керектігін нақты білу маңызды.
ВАЛЕРИЙ ДЬЯКОВ, «КУЧИХА» АҢШЫЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бұл оқу біз үшін өте маңызды болды. Жаңа әдістерді меңгеріп, біліктілігімізді арттырдық. Ертеңгі өтетін практикалық сабақтарға да қатысу ойымызда бар.
Теориядан бөлек, қатысушылар табиғи ортада нақты жағдайға дайындалады. Практикалық жаттығулар Үлкен Нарын ауданында "Абзал" шаруа қожалығында өтеді.
НҰРТАС ҚАЙРОЛДАЕВ