Өңірде «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. 16 маусымда басталған рейд көші-қон тәртібін бұзғандарды анықтауға, заңсыз миграция арналарының жолын кесуге және вокзалдар мен пойыздарда қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған.

«Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталған бері көші-қон заңнамасын бұзған 5 шетелдік анықталып, оларға әкімшілік шара қолданылған. Оның ішінде екеуі - елден шығу мерзімі өтседе ел аумағынан шықпағандар, үшеуі - он күннен аса уақыт ішінде елден шығудан жалтарғандар.

Мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу үшін тәртіп сақшылары шетелдіктердің өңір аумағына келуін, олардың шетелдік азаматтардың құқықтық жағдайы туралы заңнама талаптарын сақтауын бақылайды. Ішкі істер органдарында уақтылы тіркелмеген заңсыз көшіп-қонушылар мен бұзушыларды анықтауға рейдтер жүргізеді.

Аян Құсманов, Шемонаиха станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің бастығы:

Шараның негізгі мақсаты жолаушылар поездарында, вокзалдарда, әуежайда қоғамдық тәртіпті және профилактиканы күшейту. Жолаушылардың жеке мүліктерін сақталуын қамтамасыз ету. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қамтамасыз ету.

Жыл басынан «Өскемен-1» станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызмет көрсету аумағында 1600-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Олардың басым бөлігі - теміржол бойымен белгіленбеген жерден өтуге қатысты. Бұл бағытта 1000-нан аса хаттама толтырылған. Ал, көші-қон заңнамасын бұзған 30 шетелдік азаматқа әкімшілік шара қолданылған.

Асхат Тоқтаров, «Өскемен-1» станциясындағы желілік полиция бөлімі бастығының орынбасары:

ҚР Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес, біздің қызмет көрсету аумағында «Заңсыз келуші» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Осыған байланысты күн сайын жолаушылар пойыздары мен әуе рейстерінде көші-қон заңнамасын бұзған шетелдік азаматтарды анықтау бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде.

«Заңсыз келуші» жедел-алдын алу іс-шарасы 26 маусымға дейін жалғасады. Полиция қызметкерлері тұрғындарды сақтық шараларын ұстануға, қоғамдық тәртіпті бұзбауға және күмән тудыратын жағдайлар мен тұлғалар туралы дереу хабарлауға шақырады.


Кәусар Идаятқызы