Қытай мен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің кәсіпорындары арасындағы өзара іс-қимылды тереңдетіп, әріптестікті дамыту мақсатында Қытай Халық Республикасында цифрлық технологиялар бойынша бизнес-салон өтті. Шара ірі компаниялар мен инвесторлардың басын қосып, іскерлік байланыс орнатуға және жаңа серіктестер табуға мүмкіндік береді.

Шара ерекше форматта ұйымдастырылды. Мұнда келіссөздер жүргізуге арналған жеке аймақ қарастырылған. Қатысушылар түрлі кәсіпорындар жайлы ақпаратпен танысып, әріптестік орнатуға қолайлы серіктестерді таңдай алды. Мұндай тәсіл сенімді қарым-қатынас орнатып, қытайлық және шетелдік инвесторлар арасындағы жақын әріптестікке жол ашады. Жиынға қатысқандардың бірі — «CETC International» компаниясы. Бұл кәсіпорын электронды техника мен ақпараттық жүйелерге маманданған.

БРЮС КАЙ, «CETC INTERNATIONAL» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Біз 100% мемлекеттік компаниямыз. Кәсіпорын электронды техника мен ақпараттық жүйелер бойынша толықтай қызмет етеді. Қоғамдық қауіпсіздік пен электрондық өнеркәсіпті дамыту салаларына баса мән береміз. Қазақстан – біз үшін қонақжай ел. Осы шара аясында қазақстандық қатысушылармен танысып, өзара ынтымақтастық орнатуға үміттіміз.

Шарада заманауи цифрлық кеңістіктегі ең өзекті салалардың бірі – жасанды интеллект жобаларына ерекше назар аударылды. Форумға қатысқан Шығыс Қазақстан облысының делегаттары да бұл тақырыпқа қызығушылық танытты. Инвесторлармен тікелей пікір алмасу мүмкіндігіне ие болды.

КАЖУМХАН КАИРДЕНОВ, «KAB SYSTEMS» ЖШС ҚАРЖЫ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл – IT технологиялар саласында жаңа бағыттар табуға арналған үлкен алаң. Менің қызығушылығымды арттырған – жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін қытайлық инвесторлардың қызметі. Бүгін біз Өзбекстандық компаниямен келісімге қол қойдық. Қыркүйек айында тау-кен өнімдерін дамытуға арналған форумға шақырды.

ШЫҰ аясында ұйымдастырылған бұл шара іскерлік байланыс орнатуға және серіктестік қарым-қатынасты дамытуға бағытталаған тиімді алаң.


ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ