Ескек есу слаломы - олимпиадалық спорт түрі. Қазақстанда бұл спорт бойынша жетекші өңір - Шығыс Қазақстан облысы. Мұнда тау өзендерінің қатты ағысында спортшылар дайындалып, жарыстарға қатысуға үйренеді.

Қазақстанда бұл спорт 2004 жылдан бастап жүйелі түрде дамып келеді. Ескек есу слаломы - күшті физикалық дайындықты, техниканы, стратегияны және табиғатты сезіне білуді талап етеді. Ал, ескекті есу жолы өзен бойында арнайы қақпалар түріндегі кедергілерден тұрады. Жаттығу үшін қажетті құрал-жабдық, арнайы киім, қайық, ескек, дулыға керек.

Наталья Дмитриева, ескек есу слаломы бойынша жаттықтырушы:

Біз төрт Олимпиадаға қатыстық, Азия ойындары мен Азия чемпионаттарында жекелей және командалық есепте де жүлделі орындарға ие болдық. Қазір бұл спорт түрі тек Шығыс Қазақстан мен Абай облысында ғана дамып жатыр. Болашақта еліміздің басқа да өңірлерінде дамыту жоспарда бар.

Шырайлы шығыс - тау өзендеріне бай өңір. Ескек есу слаломы үшін дәл осындай ағысы қатты өзендер қажет. Бұл спортпен 8-10 жастан бастап айналысуға болады. Басты талап - жүзуді меңгеру және ескекпен жұмыс істеуге дайын болу.

Виктория Зайцева, спортшы:

Бұл спортпен үш жылдан бері айналысып келемін. Арманым - әлем чемпионатына және Олимпиадаға қатысып, жүлдеге ие болу. Әзірге жүзу оңайға соқпай жүр. Нәтижелерім де орташа. Бірақ әр жаттығуға ынтамен келемін. Кейде күш те, көңіл-күй де болмайды. Дегенмен жаттығу - болашағыма жасалған маңызды қадам деп есептеймін.

Жаттығулар тек суда ғана емес, құрлықта да өтеді. Бағдарламаға жалпы дене дайындығы, жүгіру және залдағы жаттығулар кіреді.

Ратмир Мұқышев, спортшы:

Жаттығуды әрқашан денені қыздырудан бастаймыз – алдымен үш айналым жүгіріп, денені дайындаймыз. Маған бұл спорт ұнайды, себебі қайықта отырып ескек есіп, жарысқа қатысу ерекше әсер сыйлайды. Бұл тек суда ғана емес, құрлықтағы дайындықты да қажет етеді. Көпшілігіміз алғашқы кезде судан қорқамыз. Бірақ уақыт өте келе оған үйреніп, өзіңді суда сенімді сезіне бастайсың.

Ескек есу слаломы - техника мен төзімділікті талап ететін спорт. Жас спортшылар жаттығуды күн сайын жалғастырып, алдағы жарыстарға дайындалып жатыр. Мақсат – халықаралық ареналарда ел намысын қорғау.


Кәусар Идаятқызы