Облыс орталығындағы ШҚ өнер музейінде белгілі суретші, педагог Ольга Плотникованың жеке көрмесі ашылды. «Жібек пастель, барқыт майлы бояу» деп аталатын экспозицияда түрлі жанрдағы туындылар қойылған. Әрбір туынды-автордың ішкі әлемін паш етеді.
Ольга Плотникованың сурет өнеріне бет бұруына, алғашқы қадамына қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар берген жанның бірі-оның ұстазы Николай Аштема.
НИКОЛАЙ АШТЕМА, ҚР СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Ольга Плотникова дарынды шәкірттерімнің бірі. Оның сурет салуға деген құштарлығы жетістікке жетуіне сеп болды. Көрмеге қойылған туындылардың ішінен бір-екеуін таныдым. Ол бұл суреттерді менің студиямда оқып жүрген жылдары салған еді.
«Жібек пастель, барқыт майлы бояу» атты көрмеге қойылған әр туынды келушілер көңілінен шығып үлгерген. Өскемендегі өнер музейінің өкілдері аймақтағы суретшілерді насихаттау, жұмыстарын қалың көпшілікке таныстыру жалғасын табатынын айтады.
ЕСЕНБОЛ НАҚТЫБАЙҰЛЫ, ШҚ ӨНЕР МУЗЕЙІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Көрмеге автордың қырықтан астам туындысы қойылған. Тіпті екі залға әрең сыйды десек те артық болмайды. Бұл көрме жалпы музейіміздің залдарында бір жарым ай бойы көрерменге жол тартады. Мектеп оқушылары мен жасөспірімдерге көрме тегін. Келіп көрушілер болса әр қашан есігіміз ашық. Жалпы Ольга Александровна өзінің аға ұстаздарының жолын жалғаған. Сонымен бірге өзіміздің шығысымыздағы сурет өнеріндегі ерекше беделге ие автор десек артық болмайды.
Ольга Плотникова – кәсіби шеберлігімен танылған суретші. Ол «қаржы және несие» мамандығы бойынша білім алған. Алайда жүрек қалауымен өнер саласына бет бұрған. Содан бері түрлі жанрдағы туындыларын көпшіліктің назарына ұсынып келеді.
ОЛЬГА ПЛОТНИКОВА, ҚР СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Мұнда түрлі жанрды қамтитын қырықтан астам туынды қойылған. Әрбір туындының жеке тарихы бар. 2016-2017 жылы дүниеге келген суреттерім де бар. Алдағы уақытта көрмедегі жұмыстарым қаладағы өзгеде мұрайжайларға да қойылады деген ойдамын.
Мұндағы әр туынды автор мен көрермен арасындағы үнсіз диалог іспеттес. Көрме 28-ші шілдеге дейін жалғасады.
НҰРТАС ҚАЙРОЛДАЕВ