ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы келіссөздер нәтижесінде қабылданған қазақ-қытай келісімдерін іске асыру жөнінде кеңес өткізді. Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қытайлық серіктестермен бірлесе жалпы құны 66 млрд. доллардан асатын 224 өндірістік жоба жүзеге асырылуда. Бұл шамамен 50 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Қытай - Қазақстан экономикасына ең көп инвестиция салған бес мемлекеттің қатарында. Президент пәрменін іксе асыру жұмыстарының барысы жайында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановта арнайы жиын өткізді. Басқосуда қала және аудан әкімдеріне бірқатар тапсырма жүктеді.
Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін ел экономикасына кемінде 150 млрд. доллар көлемінде шетелдік инвестиция тарту міндетін қойды. Бұл мақсатта жетекші экономикалық әрі стратегиялық серіктес – ҚХР-мен ынтымақтастықты арттыру – ел үшін басым бағыттардың бірі. ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов өндірістік қуатты арттырып, шикізаттық емес әрі экспортқа бағытталған жаңа жобаларды іске асыру қажеттігін атап өтті. Жаңа бастамалар қолға алынбаған өңірлерге жұмысты жандандыруды тапсырды. Әсіресе, ШҚО-да шетелдік серіктестермен байланыс орнатып, нақты ұсыныстар әзірлеу қажет. Өз кезегінде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов инвестиция көлемінің артуы жұмыс өнімділігіне әсер еткенін жеткізді.
НҰРЫМБЕТ САҚТАҒАНОВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Екіжақты ыңғайлы келісімшарттар жасалуы керек. Бұның артында тағы да айтамын кәсіпкерлер жергілікті жердегі әрбір нысан бойынша, әрбір жоба бойынша, әрбір инвестор бойынша жүгіріп жұмыс істеуі керек. Қазір заман талабы басқаша, көп мүмкіндіктер беріліп отыр.
Облыс әкімі кез-келген жоба іске асу кешеуілдеген жағдайда оның себебін шұғыл анықтап, мәселенің шешімін табу қажет екенін айтты. Инвестордың сенімін жоғалтпау үшін әр кезеңде – өтінім беруден бастап, нысан іске қосылғанға дейін – нақты қолдау көрсетілуі тиіс. Шығыс Қазақстан облысы шетелдік қаржыны тартуға мүдделі және әрбір бастамаға демеушілік етуге дайын, деді аймақ басшысы.
ДИДАР ЕРБОЛАТҚЫЗЫ