• Мемлекеттік қызмет – мемлекеттік басқаруды тиімді ұйымдастыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік жүйенің негізгі элементі. Бұл саланың артқан жүгі ауыр, жұмысы жауапты. Бүгінде Шығыс Қазақстанда 4 мың адам мемлекеттік қызметте еңбек етеді. Барлығының мақсаты ортақ – халық игілігі үшін пайдалы іс атқару.
  • Бұл күн 2001 жылы БҰҰ-ның 57-нші сессиясында бекітілген еді. Ал, 2013 жылы 23 маусым Президент жарлығымен Мемлекеттік қызметшілер күні болып ресми бекітілді. Содан бері жауапты қызметтің міндеті артып, мәртебесі биіктеп келеді. Соңғы жылдары мемлекеттік басқару саласында ауқымды жаңғырту жұмыстары атқарылып жатыр. Президенттің «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» іргелі қағидатын негізге алған сала адам капиталын дамыту, цифрландыру және бюрократиялық кедергілерді азайту, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру бағытында елеулі өзгерістерге көшті. Өткен жылы 2029 жылға дейінгі Мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасы да бекітілген болатын.
  • Мемлекеттік қызметтің жастар үшін тартымдылығын арттыру шарасы да жолға қойылған. Бұл бағыттағы тұрақты жұмыс – Президенттік жастар кадр резерві жобасы. Жастар кадр резерві – Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен талантты жастарға арналған әлеуметтік лифт. Оған жоғары білімі бар, кемінде 5 жыл еңбек өтілі және 35 жастан аспаған азаматтар қатыса алады.