Облыс орталығында велоспорттан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық чемпионаты басталды. Алғаш рет автожолда өтіп жатқан бұл ауқымды спорттық додаға елдің барлық өңірінен келген 187 үздік велошабандоз қатысып жатыр. Шараның салтанатты ашылу рәсімі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығында өтті.

Чемпионатты Қазақстанның велоспорт федерациясы Туризм және спорт министрлігі, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп ұйымдастырып отыр. Велошабандоздар 22-29 маусым аралығында өзара кім мықтыны анықтайды.

Велошабандоздар Ұлан ауданындағы Аблакет, Тарғын, Алмасай ауылдарын, сондай-ақ Самсоновка, Сағыр, Бестерек елді мекендерін басып өтіп, Өміш асуына дейін барады. Жол бойында спортшылар 15 шақырымнан 200 шақырымға дейінгі әртүрлі қашықтықтарда бақ сынайды

Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыстық дене шынықтыру спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ұлттық чемпионатқа Азия чемпионы, жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Евгений Федоров сияқты танымал спортшылар қатысуда. Ал, аймақ намысын сегіз велошабандоз қорғамақ. Олардың арасында Кристина Стужук пен Сайранбек Бекнұр секілді тәжірибелі спортшылар бар.