Өскемендіктер Сабантой мерекесін тойлады. Бұл - татар халқының ежелден келе жатқан мейрамы. Ол - бейбіт өмірдің, еңбектің, молшылық пен ізгіліктің нышаны. Ауқымды шара - бір алаңға түрлі ұлт өкілдерін жинап, ел ішіндегі достық пен келісімнің жарқын үлгісін көрсетті.
Сабантой мерекесінің нақты белгіленген күні жоқ. Бұл мейрам көктемгі егіс жұмыстары аяқталған соң тойланады. Тамырын тереңге тартқан бұл той - ауыл өмірімен біте қайнасып жатыр. Еңбек еткен шаруалар ауыр еңбек кезеңінен соң жиналып, үлкен той жасап, ән шырқаған.
РАМИНА РАФИСОВА, «ЯШЛЕК» АНСАМБЛІНІҢ МҮШЕСІ:
Сабантой мейрамы жер өндіру деген мағынаны білдіреді. Яғни жер өңдегенде тойланатын мейрам. Бүгінгі мейрамға керемет көңіл күй, ал бізге сәттілік тілеймін.
Салтанатты шараға Татарстан, Семей, Шемонаихадан келген қонақтар мен өнерпаздар қатысты.
РАВИЛЬ ЮНУСОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДОСТЫҚ ҮЙІ - ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазақстанда 140-тан астам этнос өкілі тұрады. Тек Шығыс Қазақстан облысының өзінде 105-тен астам этнос өкілі өмір сүреді. Мұндай шаралар түрлі этнос өкілдерін бір алаңда тоғыстырып, бірлігін арттырады. Міне оған дәлелтатар халқының мейрамы Сабантой өтіп жатыр. Бұл мейрам сахнада да, көрермендер арасында да әртүрлі ұлт өкілдерін жинады. Олар татар мәдениетіне қызығушылық танытып, бүгінгі шараға жақсы көңіл-күймен келді. Бұдан бөлек, Спорттық жарыстарға, ұлттық ойындарға қатысып, керемет уақыт өткізуде. Мысалы, татарша күрес – белдесу арқылы өтетін күрес түрі, ол қазақша күреске өте ұқсас. Сонымен қатар, балаларға арналған эстафеталар, арқан тарту сияқты жарыстар да ұйымдастырылған. Спорттық сайысқа қатысқан балалар мен ересектерге сыйлықтар да дайындалған.
Сабантойдың сәнін келтірген – Татарстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Закир Шахбан мен оның жұбайы және танымал татар ақыны Гилюса Шахбанның қатысуы болды.
Жиналған қауым тек спорттық жарыстарға қатысып қана қоймай, дәмді тағамдардан да ауыз тиді. Бұдан бөлек, қолдан жасалған бұйымдар жәрмеңкесі де ұйымдастырылды.
ДИЛЬБАР САМБАЕВА, АЛТАЙ АУДАНДЫҚ ДОСТЫҚ ҮЙІНІҢ ТАТАР ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ БАСШЫСЫ:
Бүгінгі мереке – тек татар халқының ғана емес, бүкіл қазақ халқының ортақ мерекесі. Біз бәріміз тату-тәтті, бейбіт өмір сүріп келеміз. Сол себепті, барлық мерекелерді әрдайым бірге, көтеріңкі көңіл-күймен, қуанышпен атап өтеміз. Бүгінгі мереке де өте тамаша, өте көңілді өтуде. Жаңбыр жауғанына қарамастан, көңіл-күйіміз керемет, бәрі жақсы. Баршаңызға зор денсаулық, амандық, бейбітшілік пен жақсылық тілеймін.
Мерекені ұйымдастырушыларының айтуынша, «Сабантой - елімізде тұратын ұлттардың мәдениеті мен дәстүрлерін біріктіретін нағыз достық мейрамы» дейді