Өскеменде дәстүрлі волейболдан ел чемпионаты басталды. Чемпионат аясындағы кездесулер 28 маусымға дейін жалғасады. Турнир Азия және әлем чемпионатында ұлттық құрама сапында өнер көрсететін талантты әрі жас спортшылары анықтау мақсатында ұйымдастырылды.
Турнир аясында елдің әр өңірінен келген 21 құрама өзара кім мықтыны анықтайды. Ел чемпионаты бірнеше кезеңнен тұрады. Өскеменде осындай бұқаралық спорттың дамуына болатын шаралар жиі өтеді. Себебі, халық денінің саулығы, жас спортшыларды қолдау қажет.
Болатбек Даумов, Облыстық волейболдан мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебінің директоры:
Осы жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 2013-14 жылы туған он үш команда және 2007-2008 жылдар аралығында туған, қыздар арасында сегіз команда келіп отыр. Барлық командалар жоғары дайындықта. Енді, негізгі жарыстың мақсаты, осы жарыстың қортындысы бойынша Қазақстан Республикасының құрама командасына волейболшыларды іріктеу.
Дәстүрлі турнирдің мақсаты жастардың спортқа деген қызығушылығын одан әрі шыңдап, отандық волейболдың деңгейін арттыру. Кіл мықтылар бақ сынайтын сайыста осалы болмайтыны анық. Бәсеке бар жерде спортшылардың ойыны да ширай түсері анық. Ал ел біріншілігінің әділ өтуін қырағы төрешілер қамтамасыз етпек.
Нұрлан Шаменов, Волейболдан жоғары дәрежедегі ұлттық төреші:
Екі залда да, екі возростта жарыс өтіп жатыр. Бір жағы 2007-2008 жылы туылған жасөспірім қыздар арасында, біреуінде 2013-2014 жылы туған жасөспірім ұлдар арасында өтіп жатыр. Соған төрешілік қызмет істеу үшін келдім.
Жаттықтырушылар мен жас спортшылар жағы осы сынды турнирлердің арқасында кәсіби шеберлігімізді шыңдап, тәжірибе алмасып, деңгейімізді бағамдаймыз. Бұдан бөлек, достық қарым-қатынасымызды нығайтамыз дейді.
НАСУҚА БАЙПАҚОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ҚҰРАМАСЫНЫҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:
Біздер он үш спортшы алып келдік. Екі жаттықтырушымыз. Сонау Маңғыстаудан келдік. Әрине, жол алыс басқа командаларға қарағанда. Дейтұрғанмен біз бұл жарысқа үлкен үмітпен келдік. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар дейтін бар енді. Мықтылар жеңеді ғой. Дейтұрғанмен, кейде сәттілік те керек болады. Сондықтан мен өзімізге сәттілік тілеймін.
Жақсы дене дайындығы мен ептілікті, жылдам шешім қабылдауды қажет ететін спорт түріне қызығушылар қатары жыл сайын артып келеді. Оған аймақтағы волейболшылар қарқыны негіз болып отыр. Осы спорттың бас-қасында жүргендер болашақта әлем чемпиондары да шығып қалар деген сенімде.