Облыс орталығында еңбегімен дараланған бірқатар мемлекеттік қызметкерге кәсіби мерекеге орай құрмет көрсетілді. Мерейлі кеште мәртебесі артқан мамандар арнайы төсбелгілермен және облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Бүгінде облыста шамамен 4 мың мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Жауапты қызметте қажырлы еңбек етіп, үздік атанған қызметшілер салтанатты жиында бас қосып, марапат төріне шықты.
Салтанатты шарада аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов құттықтау сөз сөйледі. Мемлекеттік қызметшілерге ізгі тілегін жеткізді.
НҰРЫМБЕТ САҚТАҒАНОВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Қадірлі мемлекеттік қызметшілер президенттің халық үніне құлақ асатын, мемлекет тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында барлығымыз бірге жұмыс жасап жатырмыз. Бұл әрқайсымызға ашықтықты, халықпен тиімді кері байланыс орнатуды, азаматтардың өтініштерін, талап-тілектері уақытында қарап, әділ жауап беруді талап етеді. Өйткені жоғарыда айтып өткендей мемлекеттік қызметші – жалпы бұл жоғары жауапкершілік.
Жиында ел дамуына үлес қосқан мемлекеттік қызметкерлер «Мемлекеттік қызмет ардагері», «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгілерімен және облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Өңір бойынша мемлекеттік қызметкерлердің 71%-ы әйелдер қауымы. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов марапатқа ие болған бұрымдылардың еңбегіне ерекше алғыс білдірді.
ДИАНА САДЫҚОВА, ГЛУБОКОЕ АУДАНЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
Глубокое ауданы бойынша мемелекеттік кірістер басқармасында мемлекеттік қызметші ретінде жұмыс істегеніме 10 жыл болды. Жұмыс істеу енді оңай емес, қиындықтар болады. Бірақта біз осы мемлекеттік қызметке істеуіміз керек. Өйткені нәзік жандарсыз енді болмайды.
Жиынға қатысушылар мемлекеттік қызметтің беделін нығайтып, сала мамандарының болмысын насихаттауға арналған кеш үшін ізгі ниеттерін білдірді. Кәсіби мерекеге арналған салтанатты шараның соңы жергілікті өнерпаздар қойған мерекелік концертпен түйінделді.
ДИДАР ЕРБОЛАТҚЫЗЫ