Үлкен Нарын ауданында туризм ауыл шаруашылығымен қатар дамып келе жатқан маңызды сала. Қазіргі таңда елді мекендердің әлеуметтік және экономикалық дамуына бағытталған жобалар бірнеше сала бойынша жүзеге асуда. Бұл туралы Үлкен Нарын ауданының әкімі Елдос Байрахметов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.
Үлкен Нарын ауданының экономикасының негізі - ауыл шаруашылығы. Биыл бұл салада өнім көлемі 3,1 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 121 пайызға артқан. Егіс алқабы 53 мың гектарға ұлғайып, жаңа техника мен тыңайтқышқа қомақты субсидия бөлінді. Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» және «Кең дала-2» бағдарламалары арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп келеді.
ЕЛДОС БАЙРАХМЕТОВ, ҮЛКЕН НАРЫН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
Ауданда «Ауыл Аманаты» бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда. Атап айтқанда 2024 жылы 80 млн.теңге сомасына ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағыты бойынша 7 жоба іске асырылды. Осы жылы бес ай ішінде туризмді және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді бағытталған 98 млн. теңгеге 10 жобаны қолдадық.
Бұған қоса ауданда туризм саласы да қарқынды дамып келеді. Қазірдің өзінде алты туристік нысан халыққа қызмет көрсетуде. Олардың қатарында демалыс базалары, қонақүйлер мен балалар лагерьлері және емдік-сауықтыру орталықтары бар. Бұл бастамалар ішкі туризмді жандандырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады.
ЕЛДОС БАЙРАХМЕТОВ, ҮЛКЕН НАРЫН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
Ауданның туристік әлеуетін арттыру және сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында биыл бірқатар шаралар жүзеге асырылады. Оның ішінде Приморск ауылында жағажай аймағын абаттандыруды айтумызға болады. Бұдан бөлек, жол бойындағы сервисті дамыту шаралары қолға алынды. Аудан әкімдігі мен «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның бірлескен жобасы аясында заманауи жол бойы сервисі нысаны ашылды. Бұл аудан инфрақұрылымын жақсартудағы маңызды қадам болды.
Аудандағы экономикалық өсім - жүйелі жұмыстың және тиімді бағдарламалардың нақты нәтижесі. Ал, ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемінің артуы мен шағын бизнестің дамуы - аудан әлеуетінің жоғары екеніндігін көрсетеді.
БЕКАРЫС СЕКЕН