Жаз басталысымен барлық демалушылар өзен-көлдер мен су-тоғандарын жағалап жүр. Бұл аптап ыстықтан саялаудың бір жолы. Дегенмен, суға түсу кезінде қауіпсіздік ережесін сақтамай, арты қайғымен аяқталып жатқан оқиғалар аз емес. Өзен-көлге бай Шығыс Қазақстанда арнайы жабдықталған жағажайлар өте аз. Соның салдарынан шомылу маусымы басталғалы бері өңірде төрт адам суға кетіп, көз жұмды. Мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін және демалушыларға қауіпсіздік ережелерін еске салу мақсатында ШҚО ТЖД құтқарушылары Шалқар көлінде «Қауіпсіз жағажай» атты акция өткізді.

Шалқар көлі – Ұлан ауданындағы ең танымал демалыс орындарының бірі. Құтқарушылар демалушыларға жадынамалар таратып, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар рұқсат етілмеген, арнайы белгілер орнатылмаған жағажайларда шомылудың аса қауіпті екенін ескертті. Өйткені, төтенше жағдайлар көбінесе дәл осындай орындарда тіркеледі.

МАРИНА ЛИСКОВА, ШҚО ТЖД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Жазда көпшілігі демалуға өзен-көл жағалауларына барады. Азаматтарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамыз. Шомылу маусымы басталғалы бері судағы қауіпсіздік ережесін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша 9 адам жауапқа тартылды. Судағы қауіпсіздікті сақтау, балаларды қараусыз қалдырмау және тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылу басты қағида.

Мамандар тұрғындардың рұқсат етілген жерлерде, арнайы жағажайларда ғана суға шомылғаны жөн дейді. Өйткені, бұл жерлерде барлық сақтық шаралары қарастырылған. Сондай-ақ, санитарлық нормаларға сай тазалық жасалып тұрады.

МАДИНА БОЛАТҚЫЗЫ, ШАЛҚАР КӨЛІ МУНИЦИПАЛДЫ ЖАҒАЖАЙЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл – Шалқар көлі жағасындағы муниципалды жағажай. Жағажай толығымен қауіпсіздік стандарттарына сай. Демалушылардың ең көп келетін уақыты – сенбі-жексенбі күндері. Сол кезде келушілер саны 1000 адамға дейін жетеді. Жағажайда тәулігіне 2 құтқарушы, күзет агенттігі және фельдшер кезекшілік атқарады.

Акция аясында құтқарушылар демалушыларға ерекше форматта сауалнамалар жүргізді. Олар қауіпсіздік ережелері туралы сұрақ-жауап ұйымдастырып, дұрыс жауап бергендерге шағын сыйлықтарын табыстады.

Су жағасындағы демалыс тек жайлы ғана емес, қауіпсіз де болуы керек. Ол үшін қарапайым, бірақ өте маңызды ережелерді естен шығармаған жөн.


ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ