Соңғы екі жылда өңірде алты қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. Азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қорғау мақсатында алаяқтық схемаларға қарсы шаралар күшейтілуде. Халықтың қаржысын жымқырып, тұрғындарды сан соқтырған кибералаяқтар кімдер? Оларға тосқауыл бар ма? Бұл туралы әріптесім баяндасын...

Интернет алаяқтардың арбауына түсіп қалу оңай. Бірі банк менеджерімін деп хабарласса, енді бірі ғаламторға жалған жарнама беріп алдайды. Жеңіл табысқа құмартқандарға керегі жеке мәлімет пен ұялы телефонға келетін хабарлама ғана. Кейін шоттағы ақшаны аударып алады я банктен онлайн несие рәсімдейді.

МАДИНА ОРЫНБАСАРОВА, ШҚО ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БІРІНШІ БАСҚАРМА ПРОКУРОРЫ:

Алаяқтарды қалай тануға болады? Әуелі, алаяқтар әрдайым бірінші болып хабарласады. Яғни, олар қоңырау шалып, хабарлама жіберіп, сілтемемен немесе сілтемесіз ақпарат таратады, түрлі қосымшалар, жарнамалар арқылы арбайды. Қысқасы, байланысқа бірінші болып қылмыскерлердің өздері шығады. Екіншіден, алаяқтармен әңгіме әрдайым ақша төңірегінде өрбиді. Себебі бұл - пайдакүнемдік қылмыс. Үшіншіден, олар барынша сіздің жеке деректеріңізге қол жеткізуге тырысады.

Мұндай қылмысты зерттеу қиын. Кибералаяқтардың дені ұйымдасқан топтар. Әрі әлемнің әр түкпірінде отырып жұмыс істей береді. Мәселен елде 250-ден астам азамат қаржылық пирамидаға алданып, 400 миллион теңгесін жоғалтқан.

КАРИМА ИБРАГИМ, ШҚО БОЙЫНША ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТЕРГЕУШІСІ:

Алаяқтықтың тағы бір түрі - қаржы пирамидасы. Бұл - азаматтардың қаражатын жымқыруға бағытталған заңсыз схема. Мұнда бір қатысушының табысы кейінгі қатысушылардың есебінен қалыптасады. Пирамидалар шынайы инвестициялық немесе коммерциялық қызметпен айналыспайды. Ел аумағында қаржы пирамидаларына қатысты кез келген қызметке заңмен тыйым салынған. Оны құру немесе басқару, жарнамалау үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 217 және 217-1-баптарына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға қаржы пирамидалары мен интернет алаяқтық туралы ақпаратты әлеуметтік желелірдегі @baiqa_piramida боты немесе агенттіктің ресми сайтындағы тізім арқылы тексеруге кеңес береді.


ДИДАР ЕРБОЛАТҚЫЗЫ