Тасын түртсең тарихы сыр шертетін мекен – Ақбауыр. Бүгінде археологиялық орынды білмейтін адам кемде-кем. Кешенде 2019 жылдан бері әр маусым сайын екі мыңнан астам тарихи жәдігер табылады. Тарихи мекен туралы әріптесім баяндасын.
Өскеменнің іргесіндегі Ақбауыр археологиялық кешенінде сақ қоныстары зерттеле басталғалы біршама жылдың көлемі болды. Үш мың жылдық тарихы бар кешеннің сырға тұнған тарихы мол. Ерекшелігі сол, Ақбауырға ат басын бұрсаңыз, ежелгі адамдардың егіншілікпен, металлургиямен айналысқанына куә боласыз.
Ақбауырды зерттеп жүрген археологтардың бірі – Дияр Ботанов. Ол Алматы облысынан осыдан үш жыл бұрын шығысқа табан тіреген. Қоржынбай тауының бөктері тұнған тарих. Ең алғаш оқу тәжірибесінен өткен студент бүгінде Ақбауыр кешені жайлы ғылыми диссертация жазып жүр.
ДИЯР БОТАНОВ, ЖОО МАГИСТРІ:
Ғылыми диссертациямның тақырыбы - «Халықтың шаруашылық-мәдени қызметін қайта жаңғырту». Ақбауыр ескерткіші – жобаның өзегі болған негізгі нысандардың бірі. Себебі сол дәуірдегі Алтай тұрғындарының өмір салтын, тіршілігін, металлургиялық үдерістерді қайта елестетуге мүмкіндік береді. Дәл осы өңірде сол кезде металл өндіру ісі дамыған. Шығыс жері кезінде металлургия орталығы саналған. Бұған Қалба жотасы мен металлға бай кен орындарының молдығы дәлел.
Биылғы қазба жұмыстарының нәтижесі көңіл қуантады. Биыл 500-ден астам тарихи жәдігер табылған. Мұндағы тастар алтыннан да бағалы, дейді ғылыми қызметкерлер.
ШҰҒЫЛА МЕДЕЛБЕК, АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯНЫҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Керамикадан, тастан, сүйектен жасалынған құралдар табылып жатыр. Осында өмір сүрген сақтардың өздерінің қолымен жасаған қыш ыдыстары. Одан кейін жаңағы тастан жасалған құралдар, кетпендер, ұруға арналған тас құралдар. Одан кейін жаңағы үккіш тастар бар. Қайла дейміз, қайрақ дейміз сол сияқты әртүрлі тұрмыстық жағдайда пайдаланған құралдар табылып отыр.
Сақ тайпасының көшпелі мал шаруашылығынан бөлек, отырықшылықпен айналысқаны да қазба жұмыстары барысында анықталған. Зерттеу нәтижелері бойынша, төрт түлік малдан бөлек жабайы аңдардың сүйектері де табылған. Бұл мұндағы тайпалардың аңшылықпен айналысқандығын дәлелдейді.
ДИДАР ЕРБОЛАТҚЫЗЫ