Қазақстанға келетін шетелдік туристер үшін көші-қон ережелері айтарлықтай жеңілдеді. Енді 30 күнге дейінгі сапарларда уақытша тіркеу талап етілмейді. Ал ұзақ мерзімге қалуды жоспарлағандар үшін тәртіп жеңіл әрі қолжетімді бола түсті. Бұл өзгерістер – еліміздің туризм саласын дамытуға, халықаралық әріптестікті кеңейтуге және қонақтарға барынша жайлы жағдай жасауға бағытталған.

Сыртқы және ішкі көші-қон – мемлекеттің қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін стратегиялық бағыттардың бірі. Қазақстан бүгінде әлемнің 85 елімен визасыз режим орнатып отыр. Бұл дегеніміз – Еуропадан Азияға, Таяу Шығыстан Солтүстік Америкаға дейінгі елдердің азаматтары қазақ жеріне еркін кіре алады. Біржақты тәртіппен – 51 елдің, ал екі жақты келісім негізінде – 34 елдің азаматтары визасыз сапар шегу мүмкіндігіне ие. Мұндай қадамдар елдің халықаралық беделін арттырып қана қоймай, экономикалық және мәдени байланыстарды да нығайтады. Егер шетелдік азамат 30 күннен артық елде қалғысы келсе, уақытша тұруға рұқсат рәсімдеу міндеті оны қабылдайтын тарапқа жүктеледі. Бұл процесті енді электрондық цифрлық қолтаңба арқылы визалық-миграциялық порталдан бірнеше минутта орындауға болады.

Руслан Хасенов, ШҚО ПД көші-қон қызметі бөлімінің бастығы:

Қазіргі таңда туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елімізге келген шетелдіктерге құқықтық қорғауды қамтамасыз ету, арттыру бағытында келген туристерге QR-коды бар біздің туристік карталар жаңадан шығарып отырмыз.

Шетелдік қонақтардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында QR-коды бар туристік карталар енгізілді. QR-кодты сканерлегенде пайдаланушы SAFETRAVEL.KZ порталына өтеді. Мұнда қауіпсіздік бойынша кеңестер, полиция шақыру немесе нақты орналасқан жерді жіберу үшін «102» мобильді қосымшасын қолдану мүмкіндігі бар. Оған қоса, байланыс операторлары, SIM карталар, такси қызметтері мен басқа да маңызды сервистер туралы толық мәлімет берілген. Барлық ақпарат төрт тілде – қазақ, орыс, ағылшын және қытай.

Ернар Тұрдыбаев, ШҚО ПД көші-қон қызметі бөлімінің инспекторы:

Қазақстанға келген шетел азаматтарына осы шекара бекеттерінде және әуежайларда осыны ұсынамыз. Шетел азаматтарына арналған туристік карталар шығарылған, яғни осы жерде сіздерге осындай көмектер көрсетілген деп түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Оператор өзінің тарифтік жоспарын алдын-ала қосып қойған. SIM-картаны ұялы телефонға салғаннан кейін бірден жұмыс жасап кете береді.

Ал басқа елдің азаматтығын алғандар 30 күн ішінде қазақстандық паспортын өткізіп, азаматтығын жоғалтуын тіркеуі тиіс. Сондай-ақ, ел азаматтары тұрғылықты жері бойынша міндетті тіркеуден өтуі шарт. Бұл тәртіп – халықтың нақты санын анықтауға, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоспарлауды тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Жеңілдетілген көші-қон тәртібі – еліміздің ашықтығы мен қауіпсіздігін әлемге паш ететін маңызды қадам.


Талант Тұрсынов