ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов шығысқа келді. Агросектор өкілдерімен кездесіп, ұсыныстар мен түйіткілді мәселелерді тыңдады. Жиын барысында субсидиялар бойынша берешектерді өтеу, сыйақы мөлшерлемесін төмендету және қайта өңдеу саласын қолдау тетіктері талқыланды.

Елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің молдығы – еңбек пен қолдаудың жемісі. Облыс орталығында өткен басқосуда сала басшылары мен кәсіпкер-шаруалар бір үстел басына жиналып, мәселені ашық айтты, шешімін бірлесіп іздеді. Азат Сұлтановтың айтуынша, 2026 жылы ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидия көлемі биылғыдан әлдеқайда көп болмақ. Нақтырақ айтсақ 658 млрд. теңге. Ал 2027 жылы бұл көрсеткіш 725 млрд. теңгеге жетеді. Мұндай қаржы барлық берешектерді жабуға, сондай-ақ субсидиялау аясын кеңейтуге жол ашады.

Азат Сұлтанов, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі:

Осы бүгін кездесуде қайта өңдеу өндіруші өкілдерінен көп сұрақтар болған. Біріншіден, ол қаржыландыру.Сосын, екіншіден ол субсидия туралы сұрақтар. Үшінші болашақта қандай өзгерістер жасауға болатындығы. Осындай сұрақтар да болған. Оларға да толық жауап бердік.

Биылдың өзінде тыңайтқыштарды субсидиялауға 48 млрд. теңге бөлінді. Көктемгі егіс пен күзгі жиын-терінді 5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен қаржыландыруға 700 млрд. теңге бағытталды. Жеңілдетілген лизингке – 250 млрд., қайта өңдеуші кәсіпорындардың айналым қаражатына – 46 млрд. теңге. Одан бөлек, биыл майлы дақылдардың егіс алқабы 1 млн. гектарға артты. Көрсеткіштері жоғары өңірлердің қатарында Шығыс Қазақстан да бар. «Кең дала» бағдарламасының қаржысы 70 миллиардтан бірден 700 миллиардқа өсуі – агросектордағы серпінді өзгерістердің айқын көрінісі. Бұл ауыл еңбеккерлерінің көкжиегін кеңейтер мүмкіндік.

Азат Сұлтанов, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі:

Біз «Кең дала-2» бағдарламасында аграрлық корпорацияның қаржысын ұлғайттық. Төлем кестесін жыл соңына және наурыз айына сәйкестендірдік. Бұл – «Кең дала-1» мен «Кең дала-2» арасында арбитраж болмауы үшін. Қарашада қаржыны алып, наурызда қайтарасыз. Өйткені наурыз айында өнімді жоғары бағамен сату мүмкіндігі бар.

Кездесу соңында шаруалар көкейдегі сұрақтарын қойып, жауап алды. Берешек мерзімін өзгерту, бағдарлама шарттарын өңір ерекшелігіне бейімдеу мәселелері де назардан тыс қалмады. Қаржылай қолдау мен жаңа бағдарламалар – ауыл шаруашылығының өркендеуіне берік тірек.


Талант Тұрсынов