Өскемен жылу электр орталығы - тұтас өңірді жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын. Алдағы үш жыл ішінде Өскемен жылу электр орталығына екі қосымша турбина орнатылып, жылу тапшылығы шамамен екі есеге қысқарады. Қазір станция соңғы 30 жылдағы ең ауқымды жаңғыртудан өтуде. Сонымен қатар, ескі қоқыс полигонының орнына күл қалдықтарын төгетін жаңа қойма салынып жатыр.
Өскемен ЖЭО – 1947 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ірі кәсіпорынның бірі. Бірнеше рет жаңғыртудан өткен. Биыл мұнда бұрын-соңды болмаған күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазандықтар және турбиналық қондырғылар жаңартылып, тозған құбырлар мен электр желілері ауыстырылуда. Жаңғырту жұмыстары кәсіпорынның барлық нысандарын қамтиды. Биыл жабдықты жөндеу мен жаңартуға 17 миллиард теңге бөлінді. Ал, 2028 жылға дейін мұнда қосымша екі жаңа турбина іске қосылады. Бұл станция қуатын тағы 100 мегаваттқа дейін арттырады.
Олжас Асылханов, «Өскемен ЖЭО» ЖШС инвестициялық жобалар бойынша директоры:
Өскемен ЖЭО- ғы жөндеу жұмыстары бел ортасына жетті. Негізгі жабдықтар бойынша орындалу деңгейі 67 пайызды құрап отыр. Келесі жылу маусымында жақсы өту үшін қазір Өскемен ЖЭО – да жөндеу науқаны жүріп жатыр.
Бұдан бөлек, құрылысы жүріп жатқан жаңа күл-қож қоймасы кемінде 11 жыл бойы пайдалануға жарайды. Жерасты суын ластамай, барлық экологиялық талап үдерісінен шығу мақсатында ол жерге геомембрана төселеді. Нысанның іші толық толғаннан кейін бұл аумақты рекультивациялау жоспарланған. Қазір өңірде энергетика саласының қарқыны жақсы. Өскеменнен бөлек, Риддердегі жылу жүйелері де қолға алынған. Жөндеу шығындарының бір бөлігі тарифтерді инвестицияға айырбастау бағдарламасы арқылы жабылады.
Жұмагүл Мүсіпова, Облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының м.а:
Аталған бағдарлама Қазақстанда 2023 жылдан бастап іске асырылуда. Осы бағдарлама аясында жылына 1-2 пайызға қазандықтардың тозу деңгейінің азаюы байқалып отыр. Осы жылы 3, 5 млрд инвестиц көлемінде шаралар жоспарланған. Шара көлемінде тамыз айында осы жұмыстар бітеді.
Биыл елде қазандықтар мен электр станцияларын жаңғыртуға 373 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жөндеу және қызмет көрсету шығындары 14%-ға артады. Ең бастысы — жұмыстар кестеге сай жүріп жатыр.
ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ