«Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны шығыс жеріне жетті. Елдің әр өңірін аралап, жас ұрпақ пен ардагерлердің арасындағы тарихи сабақтастықты нығайтуға бағытталған шара Жеңістің 80 жылдығына арналған. Игі бастаманы Шығыс Қазақстан облысы Жетісу өңірінен қабылдап алды.
Ақтөбе облысында бастау алған «Ардагер өсиеті» марафоны шырайлы шығыс жерінде жалғасты. Облыс орталығындағы Сағадат Нұрмағамбетов ескерткіші маңында жиналғандар әуелі батыр рухына тағзым етті. Кейін Жетісу облысының өкілі «Ардагер өсиеті» хатын ресми түрде шығысқазақстандық жастарға табыстады.
Арнай Байжұрынов, Жетісу облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары:
Жалпы эстафетаның мақсаты соғысты өз көзімен көрген тылда еңбек еткен ардагерлеріміздің жазып кеткен өсиетін жастарға оқытып, оларға көрсетіп, бойларында патриоттық сезімді оятып ардагерлерімізді ұлықтап, жеңісті ұмытпай мәңгі естерінде сақтап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе беру мақсатында осы шара ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта бүкіл елімізді аралап, бүкіл Қазақстанымыздың патриоттық сезімін оятып, Ұлы жеңіске деген сезімдерін, мақтаныштарын оятады деген ойдамыз.
Еркебұлан Балтабеков, Облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы:
Акция аясында біз ардагер өсиеті жазылған арнайы хатымызды капсуланы ШҚО-ғы ардагерлерге барып, тілегімізді білдіріп, Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтаймыз. Одан кейін барып бұл патриоттық акция аясында біз капсуланы Ұлы Абай еліне жолдайтын боламыз. Осы акцияға ШҚО-ғы жастар, волонтерлер, сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдар, депутаттар белсенді қатысуда.
Марафонның басты мақсаты – жас және аға буын арасындағы сыйластықты бекемдеп, ұлтжандылықты дәріптеу. Игі дәстүр жастардың ел тарихына деген құрметін арттыруға бағытталған маңызды жоба.
Серік Оразбайұлы, қала тұрғыны:
Бүгінгі шарамыз болашақта еліміз, жастарымыз, бір-бірімізге жалғасы болат деп отырмыз. Еліміз аман, отанымыз тыныш, бай-қуатты болайық. Аспанымыз ашық болсын, соғыс болмасын. Әрқашанда біздің көк жалауымыз желбірей берсін.
Өңір өрендері «Ардагер өсиетін» іргедегі Абай облысына табыстайды. Дәл осылай марафон барша аймақта жалғасып, хат елордаға жеткенде музей қорында сақталатын болады.
Дидар Ерболатқызы