Облыс орталығында қазақтың ұлы ойшылы, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай оқулары – 2025» облыстық байқауы өтті. А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана төрінде ұйымдастырылған бұл мерейлі шараға өңірдің әр ауданынан келген өнерпаздар жиналды.
Абай - қазақтың кең сахарасына үн қосқан, ұлы жырдың алтын қазығы. Өлең мен өмірдің өрнегін бір арнаға тоғыстырған данышпанның туғанына биыл 180 жыл толып отыр. Елеулі шара аясында өңірде дәстүрлі «Абай оқулары – 2025» облыстық байқауы өтті. Бұл күні А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана – қалың елдің рухани ордасына айналды.
Әсемгүл Абзалова, Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының директоры:
Біз облыста ұлы Абайдың 180 жылдығына арналған «Абай оқулары» облыстық байқауын өткізудеміз. Бұл байқауға 18-35 жас аралығындағы мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің жастары қатысуда.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Алғашқысы – көркемсөз оқу шеберлігі. Қатысушылар ұлы ақынның білім, ғылым, өнер тақырыбына арналған өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқыды. Екінші кезең – қазақтың эпикалық мұрасының шыңы, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінді оқу. Соңғы кезең – әншілік өнер. Абайдың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» секілді мәңгілік әуендері сахнада қайта жаңғырды.
Қуаныш Сейітбеков, ҚР ҰҚК ШҚО бойынша Департаментінің тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмыстар басқармасының аға офицері:
Департаменттің әскери қызметшілері арасында үміткер іздедік және кішігірім сайыс өткіздік. Сайыс барысында «Уба» шекара бөлімшесінің әскери қызметшісі ұтып шықты. Сол әскери қызметшіні қазір осы шараға қатысуға, «Абай оқулары – 2025» шарасына қатысуға өзімізбен бірге алып келдік.
«Абай оқулары – 2025» – тек байқау ғана емес, рухани мектеп.
ТАЛАНТ ТҰРСЫНОВ