Жаңа оқу жылынан бастап шәкіртақы бакалавриат деңгейінде 20 пайызға, магистратура мен доктарантура деңгейінде 15 пайызға өседі. Осы және өзге де білім саласындағы маңызды жаңалықтармен ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өңір халқымен кездесуінде айтты. Аймаққа жұмыс сапарымен келген министр жоғары білім беру жүйесін қайта жүктеу, ғылымды дамыту және жасанды интеллект бағытындағы атқарылып жатқан бастамалар мен алдағы жоспарларды атап өтті.

Кездесу барысында министр демографиялық өзгерістер тақырыбына тоқталды. Оның айтуынша, 2027-2028 жылғы оқу жылында 1-сыныпқа келетін балалар саны рекордтық деңгейге жетеді. Бұл – тек білім саласының емес, бүкіл елдің болашағына әсер ететін маңызды мәселе. Сондықтан жаңа мектептер салу, мұғалімдердің жүктемесін реттеу, заманауи инфрақұрылыммен қамту – күн тәртібіндегі басты міндеттердің бірі болмақ.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

ҰБТ бір айға емес бес айға созылды. Жылдан жылға балалардың саны өсіп келе жатыр. 2027 жылы мектептерге 446 мың бала барады. соңғы 3 жылда туылған 1,5 млн бала ақырындап мектепке келеді. осы толқынға дайындалып жатырмыз қазір.Қолжетімділік, инфрақұрылым, цифрлық платформалар.

ҰБТ мазмұны да өзгереді. Енді оқушылар тек сұрақтарды жаттап қана қоймай, логикалық ойлау, сыни көзқарас пен нақты пән бойынша жүйелі білімін көрсетуі керек. Осы мақсатта 300-ден астам кәсіби тестологтар жұмысқа тартылады. Министрдің айтуынша, алдағы уақытта ғылым мен білім жолында жасанды интеллектінің рөлі басым болмақ. Сондықтан да еліміздегі 650 мың студент жыл соңына дейін жасанды интеллектпен жұмыс істеудің негізгі дағдыларын меңгереді. Қазақстанда өзге елден келген 31 мың студент қазіргі таңда білім алуда. Министрлік шет мемлекетпен серіктестікті баса назарға қойып отыр.

Мұхтар Төлеген, С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры:

Халықаралық дәрежедегі университеттердің есігін айқара ашып бердіңіз. Бұл деген үлкен мүмкіндік. Италяндық Генуя университетімен жұмыс жасап жатырмыз. Президент тапсырмасына сәйкес Катонқарағайда және Зайсанда аэропорттар ашылады. Генуя университетімен бірлескен филиал ашу жөнінде ұсыныс жасадық. Оны сіз қолдап отырсыз көп рахмет айтамыз.

Ашық диалог барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарына тікелей жауап алды. Министрлікке ұсыныс тілектерін жеткізді. Кадр тапшылығы мәселесі де жуық арада оңтайлы шешімін таппақ. Жыл соңына дейін мамандықтар картасы дайын болады. Өңірде 16 мыңға жуық студент бар. Биыл аймақтағы ЖОО-на айтарлықтай қолдау көрсетілген.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Мықты үлкен Қытай университетін жоспарлап отырмыз әкелуге. Металлургия, тау-кен, ядролық физика саласында мықты орталық болайын деп тұр. Тағы бір жаңалық Лу Бань шеберханасына Қытай үкіметі 6 автопилоттық көлікті сыйға тартты. 1 млн көлеміндегі. Енді Қазақстанда тұңғыш автопилоттық программалар енгізілетін болды.

Кездесу соңында Саясат Нұрбек азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, жеке қабылдау өткізді.


Қымбат Иманғалиева