Жыл сайын 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында Қазақстанның барлық аумағында «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы өтеді. Акцияның мақсаты - мектеп оқушыларын жалпыға бірдей міндетті білім берумен қамтамасыз ету. Жаңа оқу жылының басталуына орай балаларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Білім басқармасының өкілдері баяндады.

Өңірде биыл 98 мыңнан астам оқушы мектепке барады. Олардың 20 мыңнан астамы «Всеобуч» бағдарламасы бойынша қолдауға ие болды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 7,2 миллиард теңге бөлінсе, соның ішінде 948,5 миллион теңгесі – мектеп формасы мен аяқ киімге арналған.

Жанғазы Әліпбаев, Облыстық білім басқармасы басшысының м.а:

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға, мемлекеттік АӘК алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күн көріс деңгейінен төмен отбасынан шыққан балаларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға төтенше жағдай салдарынан шұғыл жәрдем талап етілетін отбасыларға және білім беру ұйымының алқалы органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілерін өзге санаттағы қаржылық және материалдық көмек көрсету тәртібі айқын.

Былтыр өңір меценаттарының көмегімен 3 100-ден астам оқушыға 37,9 миллион теңгеден астам материалдық көмек көрсетілді. Биыл 600-ден астам демеуші тартылып, 4 000 балаға қолдау көрсету жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда аудандар мен қалаларда «Балаларға мейірім сыйла!», «Ауыл балаларына-мектепке сыйлықтар», «Отбасы отбасына көмектеседі: Балаларды мектепке дайындаймыз!» атты қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып жатыр.

Жанғазы Әліпбаев, Облыстық білім басқармасы басшысының м.а:

Мектептің қамқоршылық кеңесі әрбір үйді барып қарайды. Тұрмыс жағдайын, егерде баланың жағдайы жақсы болса, оған көмек көрсетілмейді. Егер тұрмыс жағдйы нашар болса, көмек керсетіледі.

Сонымен қатар, жыл сайын акцияға «Dauletten» қайырымдылық қоры да қатысып келеді. Қордың «Ауылдағы ағайынның балаларына» жобасы шалғай елді мекендердегі бастауыш сынып оқушыларына көмек көрсетуді мақсат етеді. Жаңа оқу жылына дайындық барысында балаларға қолдау көрсету жұмысы алдағы уақытта да жалғаса береді.


Қымбат Иманғалиева