Облыс орталығындағы Республика алаңында ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Салтанатты шара қазақ әдебиеті классигінің 180 жылдығына арналды. Бұл күні алаңға өңірдің түрлі буын өкілдері жиналды. Олардың қатарында ардагерлер мен жастар, депутаттар, этномәдени бірлестіктердің мүшелері болды.
Орталық алаңда ұлы ақынның әйгілі туындылары — «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әндері шырқалды. Ғұламаның сазды әуендерін Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі мен Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының солистері орындады.
Әлібек Қаңтарбаев, Қазақстан журналистері одағының мүшесі:
Абайды ұлы етіп тұрған бар жоғы 176 өлең, 46 қара сөз, 2 аударма. Қазір бес мың, екі мың кітап жазып ұлылықты қойып, басқаға жете алмай жүргендер көп. Абай сол 176 өлеңімен ұлылыққа жетті. Ол неге ұлылыққа жетті? Абай – халықтың ұлы болатын. Абай қанша жыл өмір сүрсе де, сонша дәуірге жететін пәлсапасын сол он тоғызыншы ғасырдың өзінде айтып кеткен адам. Сондықтан, Абайдың рухы қазақ барда мәңгілік.
Абайдың жазып кеткен мұрасы бүгінде уақыт сынынан өткен өмірлік бағдар болып қала бермек. Оның «Қара сөздері» әлі күнге дейін өзекті, ал поэзиясы жаңа буынды шығармашылыққа шабыттандырады.
Равиль Юнусов, Облыстық Достық үйі — қоғамдық келісім орталығы директорының орынбасары:
Этномәдени бірлестіктердің өкілдері Өскеменнің басты алаңына Абайдың ескерткішіне келіп, ұлы ақынның рухына тағзым етті. Абай Құнанбайұлы Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемге танымал. Шығармалары көптеген халықтардың тілдеріне аударылған. Ұлы ойшылдың мерекесін кең көлемде атап өту дәстүрге айналған. Сондықтан, этномәдени бірлестіктер де осы жерге келіп, Абай Құнанбайұлының ескерткішіне келіп құрмет көрсетті.
Ұлы ойшылдың рухани мұрасы – бүгін мен өткенді жалғайтын алтын көпір. Гүл қою рәсімінен кейін шараға қатысушылар Абайдың өлеңдерін және шығармаларынан үзінділер оқыды.
ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ