Балалар футболын дамытпай, ел футболының көсегесі көгермейді. Облыста бұл спорт түрі қарқынды дамып келеді. Жасыл алаңда шеберлігін шыңдап жүрген жеткіншектер күн сайын кәсіби спортқа бір қадам жақындай түсуде. Олардың әр күні тынымсыз еңбектен тұрады. Болашақ чемпиондардың күнделікті жаттығуын арна тілшісі де көріп қайтты.
Футбол – бұл құштарлық, қозғалыс және арман. Біреулер үшін ол – хобби, ал біреулерге – кәсіби спортқа жол ашатын өмірлік мақсат. Қазақстан құрамасы соңғы жылдары жақсы нәтиже көрсетуде. Мысалы, УЕФА көрсеткішінде еліміз 39-орынды сақтап тұр. Шығыс Қазақстан облысында да аталмыш спорт белсенді дамып келеді. Жасыл алаңда табысқа жетуді армандайтын жастардың саны күн сайын артуда. Жаттықтырушылардың айтуынша, балалармен жұмыста ең бастысы – техника үйретуден бұрын, болашақ ойыншының ішкі әлеуетін ашу маңызды.
Вадим Столяров, «Форсаж» футбол клубының жаттықтырушысы:
Балалардың деңгейі әртүрлі екенін бәріміз түсінеміз. Біреулер спортқа бейім келеді, кейбірі қызығып, досымен бірге ойнауға келеді. Біз жас ерекшеліктеріне сай деңгейіне қарай ішкі лигаға бөлдік. Мысалы, А, Б, С деген секілді дивизиондар бар. С лигасында – футболды енді бастағандар, Б тобында – 1-2 жыл дайындалып жүргендер, ал А тобында – жаттығуларды тұрақты келіп, саналы түрде айналысатын балалар топтастырылған.
Жас спортшылар алаңға шыққан сайын тәжірибе жинақтайды. Биыл өтетін балалар арасындағы футбол лигасына 120 команда қатыспақ. Олардың арасында шығысқазақстандық спортшылардан бөлек, Абай облысынан келетін үздіктер де бар. Қазір алаңда қызу дайындық жүріп жатыр. Мұндағы күнделікті жаттығу, тактикалық тапсырмалар мен ойын тәртібі барлығы үлкен футболдағыдай. Ал, ата-аналар балаларының болашағынан зор үміт күтеді. Бұл – балалар үшін үлкен мектеп, дейді.
Гаухар Оразханова, қала тұрғыны:
Футболға қатыса бастағаннан кейін ұлымның дүниетанымы, ойлау жүйесі мүлде өзгерді. Футбол – оның өмірінің бір бөлшегіне айналды. Біз алаңнан шықпаймыз десек те болады.
Мадина Талғатқызы, қала тұрғыны:
Мен баламды гаджеттерге тәуелді болмасын деген оймен футболға бердім. Қазір компьютерлік ойындарға қызықпайды, телефонда да көп отырмайды. Қызығушылығы да өзгерді. Көбіне спорт, футбол көреді. Бұл өте дұрыс шешім деп ойлаймын . Баланы тек сабақпен емес, басқа пайдалы нәрсемен де айналыстыру керек.
Болашақта жас спортшылардан күтер үміт көп. Әзірге олардың әр күні – жаттығумен, әр таңы – жеңіс туралы арманмен басталады. Мақсатқа жету жолында олар тынымсыз еңбек етуде.
Қымбат Иманғалиева