Елде жол-көлік оқиғалары салдарынан зардап шегетін балалардың қатары көп. 2024 жылдың алғашқы жартысында ғана 135 бала жол апатынан қаза тапқан. Бұл – дабыл қағарлық көрсеткіш. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі бірлесіп, балалар арасындағы оқыс оқиғаларды азайтуға бағытталған жас жол инспекторларының республикалық слетін өткізуде. Аймақта да аталмыш бағыт бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастама аясында облыс орталығында Ғазиз Байтасов атындағы XX Республикалық «Жас жол инспекторлары» слетіне қатысушылардың саптық шеруі өтті. Шараға еліміздің барлық өңірінен келген 11 бен 14 жас аралығындағы 200-ге жуық оқушы қатысты. Оның ішінде Қырғызстаннан арнайы келген қонақтар да бар.
Елде жыл сайын жас жол инспекторларының қатары артып келеді. Қазіргі таңда 5 мыңға жуық мектепте арнайы жасақтар жұмыс істейді. Бұл жиынға қатысатын өрендер тек жол қозғалысы ережелерін жаттап ғана қоймай, жолдағы қауіпсіздікке үлес қосып жүрген белсенділер қатарын толықтырады.
Қайсар Сұлтанбаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:
Осы шараны өткізу үшін аудандық өңірлерде, облыстарда осындай конкурстар өткіздік. Осы конкурстың мақсаты – балалардың өмірі мен денсаулығын сақтап қалу. Өкінішке орай, қазіргі таңда көптеген баланың денсаулығына зиян келіп, өмірі қиылып жатқанын бәріміз білеміз. Сондықтан, бұл қозғалыс ары қарай жалғасын табады. Әрі республика көлемінде емес, көршілес жатқан елдермен осы қозғалысты жалғастыруға бар күшімізді саламыз.
Тәжірибеге сүйенсек, жас жол инспекторлар қозғалысы белсенді дамыған аймақтарда балалардың жол апатына ұшырау көрсеткіші азайып келеді. Бұл – тек алдын алу шарасы емес, сонымен қатар жасөспірімдерді азаматтық жауапкершілікке, заңға құрметпен қарауға тәрбиелеудің тиімді жолы.
Матжан Абужами, шараға қатысушы (Маңғыстау облысы):
Алты жасымда трактор айдап, гаи –ға ұсталып қалған видеом тарап кеткен ютуб каналға. Сосын мен жас жол инспекторлар қатарына қосылып, ережені сақтайтын болдым. Заңдарды есіме алып, бәрін достарыма үйретіп, ЮИД командасына қатысып, жақсы болып келеді.
Азиза Мелсова, шараға қатысушы (Қырғызстан):
Біз бұл байқауға өте жақсы дайындалдық. Біріміз санитар рөліне, енді біріміз жол реттеуші ретінде дайындалдық. Біз бірінші орынды алуға бел буып келдік, ең жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз.
Жас жол инспекторлары қозғалысы – азаматтық жауапкершілікке, тәртіп пен көшбасшылық қасиетке баулитын үлкен мектеп. Балалар ерте жастан бастап жолда жүру мәдениетін меңгеріп қана қоймай, өз қатарластарына үлгі болуға ұмтылады.
Жақсылық Омар, ШҚО әкімінің бірінші орынбасары:
Бұл жарыс тек ғана білектің күшін сынайтын жарыс емес.... шараның мәні де мағынасы зор.
Балалар қауіпсіздігі – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Ал оны қамтамасыз ету – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, қоғамның әрбір мүшесінің ортақ міндеті.
ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ