Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған шара облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығында да ұйымдастырылды. Мұнда қала тұрғындары театр қойылымын тамашалап, Абай үйіне саяхат жасады.
Шара барысында қонақтар дастарқанға жайылған ұлттық тағамдардан дәм татып, қолөнер бұйымдары мен кәдесыйлар көрмесін тамашалады. Жиналған қауымға әрбір жәдігер - халқымыздың тарихынан сыр шертетін қазынадай әсер қалдырды. Ал, киіз үй төрінде «Абай мұрасы - ұлтымыздың рухани қазынасы» атты көрме қонақтарды өзіне баурады. Онда ұлы ақынның шығармалары, абайтанушылардың еңбектері және әлем тілдеріндегі аудармалар жұрт назарына ұсынылды.
Бақытгүл Қалиева, А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапхананың бөлім меңгерушісі:
Жалпы бүгін Абайдың 180 жылдық мерейтойы қарсаңында облыстық кітапхана қала тұрғындарына, «Абай ұлтымыздың рухани қазынасы» атты үлкен кітаптар топтамасын алып келіп отыр. Соның ең құндысы Абайдың алғашқы шыққан жинағы. Ол 1909 жылы Санкт- Петербург қаласында жарық көрген болатын.
Абай Құнанбайұлы - ғасырлар өтсе де сөзі өшпейтін, үні үзілмейтін дара тұлға. Ұлы ақынның өлеңдерінен бөлек, әндері де қазақ даласын тербетіп, халықтың жүрегіне сіңді. Еңбек пен білімге, әділдік пен теңдікке үндеген оның әр мұрасы - бүгін де ұрпаққа жол көрсететін мәңгілік бағдаршам.
Шалқар Ырысханұлы, Байжігіт қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижері:
Бүгінгі шараның ерекшелігі Абай Құнанбайұлының тек қана ел білетін қара сөздерінен бөлек, өлеңдерінен бөлек, ел білетін күйлері бар. Атап айтқанда, Майтүні, кеңге танымал Торжорға және сирек орындалатын Абай желдірмесі күйлері осы концертте орындалып жатыр. Яғни, атамыздың өнерінің жан-жақты насихатталып жатқаны бүгінгі концерттің басты мақсаты деп айта аламыз.
Абай мұрасы - ұлттың рухани қазынасы, ұрпақпен бірге жасайтын мәңгілік өнеге. Бұл игі шара соның айқын дәлелі болды.
БЕКАРЫС СЕКЕН